Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік:Абай облысында мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабағы өткізілді

    Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік:Абай облысында мектеп оқушыларына қауіпсіздік сабағы өткізілді

    Семей қаласындағы №38 жалпы білім беретін мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында қауіпсіздік сабағы өткізілді.

    Іс-шараға 70-ке жуық оқушы қатысып, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг, кибербуллинг, қоғамдық тәртіпті сақтау, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік және төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет ету мәселелері кеңінен талқыланды.

    Қауіпсіздік сабағын Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Мейірбек Нурекенов өткізді.

    Кездесу барысында полиция полковнигі оқушыларға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, буллингке бейжай қарамауға шақырды.

    «Буллинг – жай ғана әзіл немесе балалар арасындағы түсініспеушілік емес. Оның артында адамның көңіліне, психологиялық жағдайына әсер ететін үлкен мәселе тұруы мүмкін. Сондықтан әр оқушы өзіне де, айналасындағы адамдарға да құрметпен қарап, қиын жағдайға тап болған сыныптасына қолдау көрсете білуі қажет», – деді Мейірбек Нурекенов.



    Сонымен қатар оқушыларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қандай да бір қауіп немесе құқық бұзушылық орын алған жағдайда кімге және қайда жүгіну керектігі айтылды.

    Кездесу барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды.
    Мұндай профилактикалық кездесулердің басты мақсаты – оқушыға тек қауіпсіздік ережесін үйрету емес, қауіптің алдын ала білу, дұрыс шешім қабылдау және өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

    Қауіпсіз орта – бір адамның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары