2026 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Заң 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Заңда өзгерістер үш негізгі бағыт бойынша көзделген.
БІРІНШІ – атқарушылық іс жүргізуд еазаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Бірінші кезекте айыппұлдар мен салық берешегін өндіріп алудың оңайлатылған тәртібін қолдану аясы кеңейтілді. Өндіріп алу шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Бұл азаматтардың қосымша шығындарға ұшырамауына мүмкіндік береді.
Уәкілетті органның өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға аудару мерзімдері мен тәртібін белгілеу жөніндегі құзыреті толықтырылды. Бұл ретте атқарушылық іс жүргізулері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерде орналасқан өндіріп алушылардың құқықтары да ескерілетін болады.
Сот орындаушыларына борышкерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде күнтізбелік он күн бұрын хабарлау міндеті енгізілді. Бұл борышкерге алдын ала дайындалуға және уақытша тұрғын үй табуға мүмкіндік береді.
Шектеу шараларының ұзақ уақыт бойы сақталуы мәселесі шешілді. Атқарушылық құжатты орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткен жағдайда мәжбүрлеп орындатудың барлық шараларының күші жойылуға тиіс.
Сонымен қатар атқарушылық құжатты соңғы болып орындаған және атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына басқа сот орындаушылары салған барлық тыйым салулар мен тыйымдарды алып тастау құқығы беріледі. Бұл шектеулерді алып тастау мерзімдеріне дәуір қысқартуға және әрбір жеке сот орындаушысына бөлек жүгіну қажеттігін болғызбауға мүмкіндік береді.
Атқарушылық құжаттың талаптарына дәл орындап жүрген азаматтардың баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде енгізілуі алып тасталды.
Тараптар бітімгершілік келісім жасасу үшін сотқа жүгінген жағдайда атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұруға негіз көзделді.
Алименттік міндеттемелерді қорғауға ерекше назар аударылды. Алимент қаражаты өндіріп алушының арнайы банктік шотына ғана аударылатын болады және мұндай шотқа тыйым салуға жол берілмейді.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мен Әлеуметтік кодекске сәйкес төленетін өзге де әлеуметтік төлемдерден өндіріп алу мөлшері 25 пайыздан аспайтын болып белгіленді.
ЕКІНШІ – жеке сот орындаушысының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру.
Заңмен жұмыс істеп жүрген жеке сот орындаушыларын міндетті аттестаттаудан өткізу енгізілді. Бұл олардың кәсіби даярлық деңгейі мен заңнаманы білуін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Қайта аттестаттаудан өтпеу жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтатуға негіз болады. Аталған норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жеке сот орындаушыларының көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққұқық бұзушылықтары үшін жауаптылыққа тартылған адамдар осы салада жұмыс істей алмайды.
Әділет органдарының жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Бақылау күшейтіледі, ал әділет органдарының заңды талаптарын орындамау заңда көзделген салдарға әкеп соғады. Атап айтқанда, бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар енгізіледі, ал оларды қараусыз қалдыру лицензияның қолданылуын тоқтату немесе сот орындаушысын сот тәртібімен қызметтен шеттету рәсімін қозғауға негіз болады.
Сондай-ақ әділет органдары мен жеке сот орындаушыларының палаталары жоспарлы және жоспардан тыс бақылау жүргізу кезінде жеке сот орындаушыларының банктік шоттары бойынша үзінді-көшірмелерді сұратуға құқылы.
Бұдан басқа, жеке сот орындаушысының лицензиясынан айыру уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылады. Бұл шешімге шағым жасау оның қолданылуын тоқтата тұрмайды.
ҮШІНШІ – атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру.
Тыйым салынған мүлікті электрондық сауда-саттық арқылы өткізу тәртібі жетілдірілді. Өндіріп алушыға аукцион өткізілген кезде мүлікті жарияланған құны бойынша не мүлік өтпей қалған жағдайда оның төмендетілген құны бойынша өзінде қалдыру құқығы беріледі. Жеңімпаз толық төлем жасаудан бас тартқан жағдайда сатып алу құқығы алдыңғы ең жоғары баға ұсыныстарын кезекпен растаған қатысушыларға ауысады. Аталған норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Сот орындаушысының әрекеттеріне сотқа дейін шағым жасау тәртібі енгізілді. Бұл жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жедел қарауға мүмкіндік береді.
Егер заңды тұлғаның басшысы мен заңды тұлғаның орналасқан жері белгісіз болса, оның басшысын іздестіру жариялау мүмкіндігі көзделді.
Жалпы алғанда, қабылданған Заң сот орындаушылары институтының серпінді дамуын қамтамасыз етуге, мәжбүрлеп орындатудың нәтижелілігін арттыруға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, жеке сот орындаушылары қызметінің ашықтығын және қоғамның мәжбүрлеп орындату институтына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.




