
Ақтөбеде Мәди Айымбетовтің 80 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті
Ақтөбеде жазушы, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мәди Айымбетовтің 80 жылдығына арналған «Ұлт болмысы – әдебиет айнасы» шығармашылық кеші өтті.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында өткен шарада қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан үлесі, шығармашылық жолы және ұлттық құндылықтарды арқау еткен туындылары кеңінен сөз болды.
Кештің басты жаңалығы – Мәди Айымбетовтің жаңа «Құлан-елес» кітабының тұсаукесері. Жинаққа жазушының әңгімелері мен эсселері топтастырылған.
Мерейтой иесінің шығармашылығында туған жер, ауыл өмірі, адам болмысы мен ұлттық мінез тақырыптары айрықша орын алады. Қаламгердің «Тәтті мұң», «Дүние керуен», «Ол дәурен бір көрген түс» секілді шығармалары оқырманға кеңінен таныс. Бірқатар туындысы өзге тілдерге аударылған.
Шығармашылық кеш барысында белгілі қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері Мәди Айымбетовті 80 жас мерейтойымен құттықтап, оның әдебиет пен баспасөз саласындағы еңбегіне тоқталды.
Кеш қаламгермен шығармашылық сұхбат және «Ымырттағы жалғыздық» шығармасы негізінде дайындалған театрландырылған қойылыммен жалғасты.









