
Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасында ағзаларды донорлыққа алу және трансплантациялау мәселелеріне арналған Ашық есік күні өтті.
Іс-шараға Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Қ.К. Жетібаев, №2 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Б.С. Жәкиев, хирург-трансплантолог, PhD М.С. Рысмаханов, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің проректоры Н.М. Мусин, штаттан тыс бас невролог Д.Р. Януварова, медициналық ұйымдардың өкілдері және ағза трансплантациясынан өткен пациенттер қатысты.
Іс-шара барысында бейінді мамандар трансплантацияның заманауи мүмкіндіктері, ағза ауыстыруды қажет ететін пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру, сондай-ақ донорлықтың маңызы туралы ақпарат берді. Қатысушылар трансплантациялық операцияларды жүргізу және пациенттерді күту парағына енгізу тәртібіне қатысты сұрақтарына жауап алды.
2014 жылдан бері Ақтөбе облысында 95 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 85-і туыстық донорлық негізінде жүргізілген.
Жалпы 82 бүйрек және 13 бауыр трансплантациясы жасалды. Сонымен қатар, облыста ағзаларды мультиорганды алу бойынша 7 операция жүргізілді.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 329 тұрғын ағза трансплантациясын күту парағында тұр. Оның ішінде 304 адам бүйрек, 10 адам бауыр, 8 адам өкпе және 7 адам көпағзалық ағза трансплантациясын күтуде.
Өңірдің медициналық ұйымдары халықпен ашық диалог орнатуға және ағзалық донорлықтың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.









