
Жайсаң ауылында ұзақ жылдар бос тұрған ғимарат қайта жаңғыртылып, балабақша ретінде пайдалануға берілді. Жеке кәсіпкер Гүлжанат Тасмағамбетова 14 жылдан бері бала психологі болып жұмыс істейді. Балалармен жұмыс істеудегі көп жылғы тәжірибесі оны жеке кәсіп ашуға жетелеген. Кәсіпкер өз қаражатына бұрынғы кеңшар ғимаратын толық жөндеуден өткізіп, айналасын абаттандырып, мектепке дейінгі ұйымға бейімдеген. «Айлин» балабақшасы - Жайсаң ауылында ашылған алғашқы жекеменшік мектепке дейінгі ұйым. Екі қабатты ғимарат қолданыстағы талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалардың білім алып, тәрбиеленуіне қажетті жағдай жасалған. Акт залы, педагог-психолог және педагог-дефектолог кабинеттері, тұзды шахта, медициналық кабинет бар.Қазір балабақшада үш топта 60 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.Балабақшаның ашылу салтанатына Мәртөк ауданының әкімі Нұржан Мақсатов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтады.Жайсаң ауылында 791 аула бар, 3100-ден астам адам тұрады. Бұған дейін ауылда бір мемлекеттік балабақша жұмыс істеп келген.









