
2026 жылғы 4–9 қазан аралығында Өзбекстан Республикасының Ташкент, Алмалық, Чирчик және Самарқанд қалаларында «Кәсіптік білім берудегі трансформация: Өзбекстанның дуальді оқыту тәжірибесі» тақырыбында халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасы өтуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу, дуальді оқыту жүйесінің тиімді тетіктерімен танысу, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту және халықаралық кәсіби байланысты нығайту.
Халықаралық бағдарламаға Ақмола облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларынан құралған делегация қатысуда. Қатысушылар Өзбекстандағы кәсіптік білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысып, дуальді оқытуды ұйымдастырудың практикалық тәжірибесін зерделеуде.
Бағдарлама аясында Ақмола облысының өкілдері Өзбекстан Республикасының Кәсіптік білім беру агенттігінің өкілдерімен кездесіп, аграрлық және көпсалалы техникумдарға, сондай-ақ Ташкент мемлекеттік аграрлық университетіне барды. Кездесулер барысында заманауи оқу зертханалары мен өндірістік шеберханалардың жұмысымен танысып, білім алушыларды еңбек нарығына қажетті дағдыларға даярлау тәжірибесі талқыланады.
Халықаралық тәжірибе алмасу – кәсіптік білім беру жүйесін жетілдірудің тиімді жолдарын зерделеп, озық тәжірибені жергілікті білім беру ұйымдарының жұмысына енгізуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Алынған тәжірибе Ақмола облысында техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамытуға және жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайтуға ықпал етпек.







