
Полиция қызметі – жоғары кәсіби шеберлікті ғана емес, шапшаңдық пен төзімділікті талап ететін жауапты мамандық. Қызмет барысында түрлі жағдайларда жедел әрекет ету, физикалық тұрғыдан күрделі міндеттерді орындау қажет. Сондықтан ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығында спорттың алатын орны ерекше.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері арасында спорттық және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына іріктеу турнирі өтті. Додаға 70 полиция қызметкері қатысып, өздерінің спорттық шеберліктерін ортаға салды.
Салтанатты сайыстың ашылу рәсімінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.
«Қызмет барысында батылдықпен қатар шапшаңдық, төзімділік, күш-жігер және кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білу аса маңызды. Ал спорт осы қасиеттердің барлығын шыңдайды. Бүгінгі жарыс – өзара тәжірибе алмасып шеберлікті шыңдайтын, жігер мен намысты таразылайтын маңызды дода. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!» деді О.Омаров.
Сондай-ақ шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлына сөз берілді. Ардагер полиция қызметкерлерге ақжолтай тілегін білдірді. Аға буын өкілдерінің мұндай кездесулерге қатысуы жас қызметкерлерге рух беріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түседі.
Тартысты өткен бәсекеде әр қатысушы жеңіске деген жігерін көрсетіп, шеберлігі мен физикалық дайындығын сынға салды. Белдесулер барысында спортшылардың төзімділігі, жылдамдығы мен тактикалық дайындығы айқын байқалды.
Жарыс қорытындысы бойынша 14 полиция қызметкері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына жолдама алды. Олар республикалық деңгейдегі додада Қызылорда облысының намысын қорғайтын болады.
Бұл жарыс – полиция қызметкерлерінің спорттық жетістігін ғана емес, олардың кәсіби даярлығы мен рухани жігерін де айқындайтын маңызды шара. Себебі спортпен тұрақты айналысқан қызметкер кез келген жағдайда жинақылық танытып, қиындыққа төтеп беруге бейім болады. Ал спорттық және жауынгерлік самбо секілді спорт түрлері полицейлердің ептілігін, батылдығын және шешім қабылдау қабілетін шыңдайды.
Қызылордалық полицейлер үшін бұл турнир республикалық додаға бастар жол ғана емес, қызметтегі шеберлікті шыңдап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Ендігі мақсат – Ішкі істер министрінің кубогында облыс намысын абыроймен қорғап, жеңісті нәтижелерге қол жеткізу.








