«Заң мен тәртіп»: Павлодар облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық берілуде

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    «Заң мен тәртіп»: Павлодар облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық берілуде

    Өңірде жастардың құқықтық сауаттылығын қалай арттырып жатқаны туралы @pavlodar.rsk алаңында айтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Жастар мен отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова, полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев, жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Жандарбек Қабдыраш және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының амбассадоры Артем Граблев бөлісті. Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыруды барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жобалық офис аясында прокуратура органдары үйлестіреді. 2026 жылға жоспарланған екі мың іс-шараның 1,5 мыңнан астамы өткізіліп үлгерді. Оларға 680 мыңға жуық адам қатысты. Қалалар мен аудандарда құқық бұзушылықтың, алаяқтықтың, буллингтің, сталкингтің және психоактивті заттарды тұтынудың алдын алуға бағытталған диалог алаңдары, білім беру кездесулері, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. «ЗАҢ.LAB» жобасы шеңберінде құқықтық қауіпсіздік және алаяқтықтан қорғану мәселелері бойынша практикалық түсіндірмелер алуға мүмкіндік болды. «Құқықтық дәріхана» акциясы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының үш ірі сауда-ойын-сауық орталығында, сондай-ақ аудан орталықтарында өтті. Жастардың қаржылық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. «Қаржы сақшысы» ойыны аясында бұл саладағы білімдерін 22 мың мектеп оқушысы мен колледж студенті тексерді. Оның қорытындысы бойынша 45 жеңімпаз анықталды. Білім беру ұйымдарында да қауіпсіздік сабақтары мен құқықтық сағаттар өтуде. Қатысушыларға қауіпсіз мінез-құлық, жол жүрісі ережелері, өрт және су қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың, буллинг пен кибербуллингтің, интернет-алаяқтықтың және басқа да қауіп-қатерлердің алдын алу туралы айтылады. Жоба аясында сонымен қатар колледж студенттері үшін оқыту кездесулері ұйымдастырылып, «Тұра жол» жастар жобасы жүзеге асырылуда, ал іс-шараларда аудиториямен визуалды коммуникация элементі ретінде арнайы «Тәртіпбек» маскоты қолданылады. Сонымен бірге өңірде «Заң мен тәртіп» амбассадорлары институты жұмыс істейді – белсенділер құрбы-құрдастарымен кездесулер өткізеді, қоғамдық бастамаларға қатысады және «тең-теңімен» форматында құқықтық сауаттылықты арттыруға көмектеседі.

    Фото: ChatGPT

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары