
Жапонияның Аичи–Нагоя өңірінде 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен ХХ жазғы Азия ойындары мәресіне жетті. Құрлықтың басты спорт додасында Қазақстан ұлттық құрамасы 84 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Ұлттық құрама сапындағы спортшылар 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль иеленді.
Байрақты бәсекеде Түркістан облысының спортшылары да ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық құраманың жүлде қоржынына елеулі үлес қосты. Өңірден 35 спортшы спорттың 14 түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Азия ойындарынан жүлдемен оралған түркістандық спортшылардың бір тобы бүгін туған жерге табан тіреді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан халықаралық әуежайынан ел-жұрт ерекше құрметпен қарсы алды. Олардың қатарында дзюдодан аралас командалық жарыста күміс медаль иеленген Айдар Арапов, еркін күрестен қола жүлдегер атанған Едіге Қасымбек және әйелдер күресінен қола медаль жеңіп алған Нилуфар Раимова бар.
Жерлестерін қарсы алу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спорт саласының мамандары, спортшылардың туған-туыстары мен жанкүйерлері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары спортшыларды жеңістерімен құттықтап, олардың жетістігі өңір спортының дамуына серпін беретінін атап өтті.
– Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Жапониядағы Азия ойындарында олжа салған батырларымыз елге оралды. Туған жерге қош келдіңіздер!
Облысымыздан 30-дан астам спортшы бақ сынады. Нәтижесінде спортшыларымыз 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында облыс спортшылары 2 күміс және 2 қола медаль еншілеген болатын.
Бүгін, міне, еліміздің, оның ішінде облысымыздың намысын байрақты бәсекеде қорғаған спортшыларымыз елге оралды. Дзюдошы Айдар Арапов аралас командалық сайыста күміс медаль еншілесе, еркін күрес шебері Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінің өкілі Нилуфар Раимова қола жүлдеге ие болды.
Сіздер құрлықтың үздік спортшыларымен сайысқа түсіп, табандылық пен жоғары шеберлік көрсеттіңіздер. Сіздердің жеңістеріңіз бен жүлделеріңіз – тынымсыз еңбектің жемісі, еліміз бен өңіріміз үшін үлкен жетістік. Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, Олимпиада ойындарында еліміздің көк туын желбіретулеріңізге тілектеспіз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Азия ойындарының жүлдегерлері көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, алдағы халықаралық додаларда ел мен өңір намысын абыроймен қорғау үшін бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтылатындарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









