Астанада есірткінің ірі партиясын тасымалдау әрекетіне тосқауыл қойылды

    Астанада есірткінің ірі партиясын тасымалдау әрекетіне тосқауыл қойылды

    Елордаға есірткінің ірі партиясын жеткізуге әрекет жасағандар құрықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінген 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қыз анықталды.

    Елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде полиция қызметкерлері күдіктілер отырған KIA автокөлік жүргізушісін тоқтатқан.

    Көліктің салонын тінту барысында ішінде екі вакуумдалған пакет болған қорап табылды. Пакеттердің ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіні құрады.

    Сонымен қатар олар тұрған пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы да 1 келіге жуық осындай затты, сондай-ақ оны өлшеп, орауға арналған заттарды тапты.

    Жалпы салмағы 3 келіден асатын барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.

    Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарының жолын анықтау әрі кесу бойынша жұмысты жалғастыруда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары