Ақмолалық мектептер республикалық байқауда жеңімпаз атанды

    Ақмолалық мектептер республикалық байқауда жеңімпаз атанды

    Егіндікөл ауданының Ұзынкөл ауылындағы жалпы білім беретін мектеп Түркістан қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен өткен «Жақсылық жалғасады» республикалық бейнероликтер байқауында жеңімпаз атанды. «Шағын жинақты мектептерді дамыту» номинациясында білім беру ұйымы бірінші орынға ие болды.

    Жеңіс мектепке абырой әкеліп қана қоймай, маңызды қолдауға жол ашты. Жүлде ретінде келесі жылы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен мектеп аумағында футбол алаңы, баскетбол және волейболға арналған әмбебап алаң, заманауи тренажерлері бар воркаут аймағы және абаттандырылған саябақ аумағын қамтитын көпфункционалды спорт алаңы салынады.

    Екінші орынды Целиноград ауданының Мортық ауылындағы негізгі орта мектеп иеленді. Қор қаражаты есебінен ауылда баскетбол алаңы және ауыр атлетикамен айналысуға арналған жабдықталған воркаут аймағы бар спорт алаңы салынады.

    Сондай-ақ жеңімпаздар қатарында Ақкөл қаласындағы Ж. Бектұров атындағы №3 жалпы білім беретін мектеп те бар. Білім ордасы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» номинациясында үздік деп танылды.

    Айта кетейік, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында өңірдегі 18 білім беру ұйымы жалпы құны 4,5 млрд теңгеге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 54 магниттік мектепке қаржылай қолдау көрсетілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары