
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысындағы 801 елді мекен 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 7 қала және 794 ауылдық елді мекен бар. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Мәжілісте облыс елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда 155 елді мекендегі 503,7 мың тұрғын ауыз сумен кесте бойынша қамтамасыз етіледі. Бұған су құбырларының тозуы, жер асты суларының азаюы, судың кермектілігінің жоғары болуы, су тазарту қондырғыларының жиі істен шығуы және су беруші мекемелердің нысандарды тиісті деңгейде күтіп-ұстамауы себеп болып отыр.
Аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы 10 елді мекендегі 45,7 мың тұрғынның ауыз сумен қамтылу мәселесі шешіліп, олар тәулік бойы тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 145 елді мекендегі мәселені шешу үшін тиісті қаржы қажет.
Сонымен қатар 2026 жылы 42 нысанның құрылысына облыстық бюджет есебінен 17,5 млрд теңге бөлінді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 13 млрд теңге немесе 73,9%-ы игерілді. Биыл 11 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде тозығы жеткен 7 елді мекендегі 57,9 мың тұрғынның су құбырлары жаңартылып, ауыз су кесте бойынша берілетін 10 елді мекендегі 45,7 мың тұрғын тәулік бойы сумен қамтамасыз етіледі.
Жиында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025–2029 жылдары Түркістан облысына 42,9 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысы бойынша 12 табиғи монополия субъектісінің 12 жобасы «МЭКС» электрондық платформасына енгізілді.
Жиын соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан және қала әкімдіктеріне су құбырларын жаңарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындамаған басшыларға қатысты қызметтік шаралар қабылданатынын айтты. Сондай-ақ ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын сапалы әрі уақтылы іске асыру, бөлінген қаржыны тиімді игеру және кесте бойынша су берілетін елді мекендердегі мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жөніндегі тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









