
2026 жылғы 5–9 қазан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) жобалау және қауіпсіздікті бағалау кезіндегі қауіпсіздік туралы хабардарлықты арттыруға арналған ұлттық семинары өтуде.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің, Ядролық физика институтының, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының, сондай-ақ Atomic Industry Development Association (AIDA) қауымдастығының өкілдері қатысуда.
Іс-шара Қазақстанда АЭС жобасын іске асыруға дайындыққа байланысты мәселелерге арналған. Бес күнге жоспарланған семинар бағдарламасы АЭС жобасына қатысты негізгі кіріспе ережелерді, жобалау кезіндегі қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ қауіпсіздікті бағалау бойынша практикалық сессияларды қамтиды.
МАГАТЭ-нің қауіпсіздік жөніндегі халықаралық тәсілдері мен стандарттарын талқылау АЭС жобасына қойылатын талаптар мен реттеуші органның оның қауіпсіздігін бағалау кезіндегі міндеттері туралы ортақ түсінік қалыптастыруға бағытталған.
Семинарды өткізу кәсіби тәжірибе алмасуға және ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға ықпал етеді.









