Ішкі істер органдарында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіпті және елге деген адалдықты талап ететін абыройлы міндет. Полицей үшін қызметтік жолдың бастауы болып саналатын салтанатты ант қабылдау рәсімінің орны ерекше.
Бүгін Қызылорда қаласы Полиция басқармасында қызметке жаңадан қабылданған жас полицейлердің қатысуымен саптық байқау өтіп, салтанатты ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды.
Жас қызметкерлер сап түзеп, Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң талаптарын қатаң сақтауға, қызметтік міндеттерін адал әрі абыроймен атқаруға салтанатты түрде ант берді.
Салтанатты шараға Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпамыс Ибраев, бірқатар құрметті ардагерлер мен полиция басқармасының басшылығы қатысып, жас полицейлерді қызмет жолындағы маңызды қадамдарымен құттықтады.
Ардагерлер жас мамандарға ақжолтай тілектерін білдіріп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда табандылық танытып, азаматтардың сенімін ақтауға шақырды.
«Полиция қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сіздер бүгін халыққа адал қызмет етуге ант бердіңіздер. Осы анттарыңызға әрдайым берік болып, қызметтік міндеттеріңізді абыроймен атқарыңыздар. Елдің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі – сіздерге артылған үлкен сенім» деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Шара барысында ішкі істер органдарындағы қызметтік жетістіктері мен кәсіби біліктілігіне сәйкес бірқатар қызметкерлерге арнаулы атақтар да салтанатты түрде берілді. Бұл – қызметкерлердің еңбегіне көрсетілген құрмет әрі олардың жауапкершілігін арттыратын маңызды қадам.
Салтанатты рәсім жас тәртіп сақшыларының құқық қорғау қызметіне деген жауапкершілігін арттырып, қоғам алдындағы борышты терең сезінуге жол ашты.








