ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР АРАСЫНДА ARM-BACK-ТЕН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ

    ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР АРАСЫНДА ARM-BACK-ТЕН ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
    Түркістан қаласында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында ARM-BACK спорт түрінен Қазақстан Республикасы біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. «Жас жауынгер» бейімдеу спорт орталығы ұйымдастырған жарысқа еліміздің 15 өңірінен 80-нен астам жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін сынауда.
    Жарыстың негізгі мақсаты – балалардың өз күшіне деген сенімін нығайту, шеберлігін шыңдауға және достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасау.
    Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және ARM-BACK федерациясының президенті Дмитрий Инютин қатысты. Олар жарыстың маңыздылығына тоқталып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
    Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде өңірде инклюзивті спортты дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
    – Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер!
    Сіздерді Түркістан қаласында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында ARM-BACK спорт түрінен Қазақстан
    Республикасы біріншілігінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін еліміздің 15 өңірінен 80-нен астам қатысушы өз шеберлігін көрсетеді. Бұл жарыс балалардың өз күшіне деген сенімін
    арттырып, достығын нығайтуға, табандылығы мен қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді. «Жас Жауынгер» бейімдеу спорт орталығы 2018 жылы Астана қаласында бастау алған. Бейімдеу спорт орталығының игі бастамасы биылғы қаңтар айынан бастап Түркістанда жалғасын тапты. Бүгінде «Түркістан Арена» стадионында «Жас батыр» орталығында үш маман 30-дан астам баламен жұмыс істеуде. Балалардың дамуына үлес қосып жүрген мамандарға, жаттықтырушылар мен ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға айрықша мән беріп, еліміздің әрбір облысында инклюзивті спорт орталықтарын салу қажеттігін атап өткен болатын. Осы орайда, Түркістан қаласында жаңа инклюзивті спорт орталығын салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар аудан және қала әкімдіктеріне инклюзивті спорт орталықтарын ашу үшін жер телімдерін айқындап, қаржыландыру көздері мен инвесторлар тарту мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Біздің мақсатымыз – әр баланың спортпен шұғылданып, өз қабілетін танытуына және қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау. Сіздердің жігерлеріңіз бен талпыныстарыңыз – баршамызға үлгі.
    Бүгінгі жарыс әрқайсыңызға қуаныш, жаңа достар мен жарқын әсер сыйласын! – деді Ертай Кенжебекұлы.
    Жарыстың ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, жас спортшыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары