
Қарағанды университетінде болашақ тергеушілерге арналған ашық аспан астындағы оқу алаңы ашылды.
Енді болашақ тергеушілер оқиға орнын қарап-тексеру, іздерді анықтау және тіркеу, сондай-ақ тергеу әрекеттерін жүргізу дағдыларын студент кезінен бастап тәжірибеде шыңдай алады. Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде полиция департаментімен бірлескен жоба аясында ашық аспан астындағы заманауи оқу-тәжірибелік алаң іске қосылды.
Бұл – полиция мен жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асқан нақты жобалардың бірі. Оның басты мақсаты – болашақ мамандардың кәсіби даярлығын тәжірибемен ұштастырып, студенттерге құқық қорғау саласының ерекшелігін оқу кезінде танып-білуге мүмкіндік беру.
Жаңа оқу алаңы студенттер үшін кәдімгі дәрісханадан өзгеше тәжірибелік орта қалыптастырады. Мұнда олар теорияда алған білімдерін нақты кәсіби жағдайларға барынша жақын жағдайда қолдануды үйренеді.
Практикалық сабақтар барысында студенттер оқиға орнын қарап-тексеру, іздерді табу және дұрыс тіркеу, тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу, сондай-ақ басқа да маңызды кәсіби дағдыларды меңгереді.
Бұл жерде басты мақсат – тек заңды білу емес, оны іс жүзінде дұрыс қолдана білу. Болашақ тергеуші үшін мұқияттылық, дәлдік, жауапкершілік және әрбір шешімді заң талаптарына сай қабылдай білу аса маңызды.
Оқу алаңының ашылуына Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің, Қарағанды облысының полиция департаментінің өкілдері, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттер қатысты.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай бірлескен жобалар болашақ мамандарды қызметтің нақты талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді. Студенттер мамандықтың теориялық қырларымен қатар, оның күнделікті тәжірибесін де ерте кезеңнен меңгере бастайды.
– Бүгін біз жай ғана жаңа оқу алаңын ашып отырған жоқпыз. Біз теория мен тәжірибе тоғысатын кеңістік қалыптастырып отырмыз. Дәл осы жерде студент кезінен бастап болашақ мамандар өз кәсібінің жауапкершілігін сезініп, нақты жағдайлармен жұмыс істеуді үйренеді. Тергеуші жұмысында білімнің, заңдылықтың және кәсібиліктің қаншалықты маңызды екенін түсінеді, – деді ІІМ тергеу департаменті басқармасының бастығы Арман Дюсупов.
Полиция департаменті мен университеттің бірлескен жұмысы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта практикалық сабақтар мен дәрістер, кәсіби кездесулер, таныстыру іс-шаралары, олимпиадалар, пікірсайыстар, спорттық және басқа да жобалар өткізу жоспарланған.
Мұндағы маңызды бағыттардың бірі – жастарға мамандықты ерте таныстыру. Студенттер ішкі істер органдарындағы қызметтің қыр-сырын біліп, өздерінің кәсіби мүмкіндіктерін бағалай алады. Ал ең бастысы – болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.
Полиция департаменті үшін бұл – кадр даярлаудың жаңа форматы ғана емес, болашақ мамандармен жұмысты студенттік кезден бастауға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
Ашық аспан астындағы оқу-тәжірибелік алаңның ашылуы – білім мен құқық қорғау жүйесінің өзара байланысын нығайтып, білікті мамандар даярлауға бағытталған нақты қадам.









