
«Қазақстан халқына» қоры «Денсаулық жолы» жобасы аясында Түркістан облысына екі жылжымалы медициналық кешен табыстады. Жылжымалы медициналық кешендердің таныстырылымы «Қазақстан халқына – 2026» V Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында өтті.
Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысып, өңір тұрғындары мен медицина саласының өкілдерін құттықтады. Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған қордың Түркістан облысына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
– Бүгін Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Өңірімізге екі жаңа жылжымалы медициналық кешен табысталды. Енді тұрғындарымызға тексеруден өту үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға бару қажеттілігі азаяды. Медицина халыққа жақындай түсіп, сапалы диагностика қолжетімді болады. Ауруды ерте анықтау – емдеу нәтижесін жақсартудың және адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Жылжымалы медициналық кешендерді сатып алуға көрсеткен қолдауы үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың денсаулығын қорғауға айрықша мән беріп келеді. Бүгінгі іс-шара – осы саясаттың нақты іске асуының бір көрінісі, – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты іс-шара барысында медицина мекемелеріне жылжымалы медициналық кешендердің кілттері табысталды.
Жобаның жалпы бюджеті 1,1 млрд теңгені құрайды. Оның негізгі мақсаты – шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындар үшін онкологиялық скрининг пен профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыру.
Кешендердің мүмкіндігі жоғары. Бірінші кешен заманауи компьютерлік томография (КТ) аппаратымен толық жабдықталған. Екінші кешен маммографиялық және эксперттік санаттағы ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттарымен қамтамасыз етілген.
Заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындарының облыс орталығына бармай-ақ, қажетті медициналық тексерулерден өтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар өңірдегі профилактикалық медициналық көмекті күшейтіп, ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік береді.
Медициналық кешендерді табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі мен «Қазақстан халқына» қорының басшылығы «Конгресс-холл» кешенінде ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрмеде қордың қолдауымен жүзеге асырылған жобалар таныстырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік жобаларға 20 млрд 375 млн теңгеден астам қаражат бағытталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі








