
Талдықорғанда полицияның Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары жастар тарапынан жасалған бірнеше құқық бұзушылықты тіркеді. Бейнежазбадан автокөлік қозғалысы кезінде жолаушылардың бірінің терезеден денесін шығарып, қауіпсіздік талаптарын елемегенін көруге болады. Кейін автокөлік тоқтап, одан мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері шешіліп, көлік нөмірсіз қозғалысын жалғастырған. Сондай-ақ жолаушылардың бірі — 22 жастағы жас жігіт қоғамдық орында табиғи қажеттілігін өтеп, ұсақ бұзақылыққа жол берген. Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтады. 19 жастағы жүргізуші жол берген құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 22 жастағы жолаушыға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар сотқа жолданды. Жетісу облысының полициясы ескертеді: қоғамдық орындарда заң талаптарын ғана емес, қарапайым әдеп пен айналадағы адамдарға құрмет көрсету қағидаларын да сақтау қажет. Мұндай әрекеттер полиция назарынан тыс қалмайды. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.








