Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау күшейтілуде

    Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау күшейтілуде

    Ақтөбеде инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі талқыланды

    Ақтөбеде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Өңірде инклюзивті сүйемелдеу кабинеттерінің саны 69-ға жетіп, биыл олардың 20-сы 10 мектепте ашылды.

    №40 орта мектепте инклюзивті білім беруді дамытуға арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, педагогтер, арнайы педагогтер, психологтер, білім беру ұйымдарының басшылары және Қазақстан мен шетелден келген сарапшылар қатысты.

    Конференцияда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, нейропсихологиялық әдістерді қолдану, білім беру ортасының қолжетімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды.

    Іс-шараға «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілі Ақбота Садмет, инклюзивті білім беру саласының сарапшысы, Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназиясының директоры Сауле Теменова, Түркиядағы Гази университетінің доценті Махмут Читил, сондай-ақ нейропсихологтер мен коррекциялық педагогика мамандары қатысты.

    Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева өңірде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

    «Біздің басты міндетіміз — әр баланың қажеттілігін уақытылы анықтап, оған қажетті педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету. Әрбір бала мектепке келген кезде өзін қауіпсіз сезініп, өзінің маңызды екенін және қоғамның толыққанды мүшесі екенін түсінуі керек», — деді басқарма басшысы.

    Бүгінде Ақтөбе облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 867 бала бар. Оның ішінде 3 292 бала мектепке дейінгі жаста болса, 5 446-сы мектеп жасында. Арнайы білім беру ұйымдарында 152 бала оқиды.

    Өңірде ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін 33 арнайы ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, арнайы мектептер мен балабақшалар, оңалту орталығы және аутизмі бар балаларды қолдау орталығы бар.

    Сонымен қатар мектептердің өзінде инклюзивті сүйемелдеу кабинеттерін ашу жұмысы жүргізілуде. Қазір облыста 69 кабинет жұмыс істейді. Биыл «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Ақтөбедегі 10 мектепте 20 кабинет іске қосылды.

    Бұл кабинеттерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мектептен шықпай-ақ психологиялық-педагогикалық және түзету көмегін алуға мүмкіндік жасалған.

    Инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында арнайы түзету мектебінің жанынан 150 орындық қосымша ғимарат салынды. Бір арнайы мектеп пен бір арнайы балабақша күрделі жөндеуден өтті.

    Аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 1 400 GPS-трекер сатып алынды.

    Кадр даярлау бағыты да күшейтілуде. Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде «Логопед-дефектолог» мамандығы ашылып, мамандарды даярлау басталды. Қазіргі таңда облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 1 358 педагог пен маман жұмыс істейді. Оның ішінде 397 арнайы педагог және 409 педагог-ассистент бар.

    Биыл ата-аналарға балалармен жұмыс істеудің заманауи психологиялық-түзету әдістерін үйретуге бағытталған арнайы курстар ұйымдастырыла бастады. Сонымен қатар өңірде 300 орындық жаңа арнайы балабақшаны пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары