БӘЙДІБЕК: ТЕРЕКТІ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ!

    БӘЙДІБЕК: ТЕРЕКТІ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ!
    Теректі ауылында заманауи үлгідегі жылдам салынатын модульдік спорт кешені ел игілігіне тапсырылды.
    Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бану Нұрғазиева, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және ауданымыздың спорт саласының мамандары қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.
    Салтанатты шара барысында жаңа спорт кешенінің лентасы қиылып, нысанның мүмкіндіктері таныстырылды. Жиында сөз алған азаматтар жаңа кешеннің ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мол мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
    Жалпы құны 218,501 млн теңгені құрайтын спорт нысаны «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.
    Жаңа кешен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Бәйдібек аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне берілді. Бүгінде спорт мектебінде спорттың 9 түрі дамытылып, жас спортшыларға жүйелі түрде жаттығу жүргізілуде.
    Бұл нысан Теректі ауылының балалары мен жастары үшін спорттық шеберлігін шыңдап, биік белестерді бағындыруға жол ашатын маңызды спорттық база болмақ.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Бәйдібек ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары