Асланбек Шүйіншәлиев Қарттар күніне орай еңбек ардагерлерін құттықтады

    Асланбек Шүйіншәлиев Қарттар күніне орай еңбек ардагерлерін құттықтады

    1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев ауданның өңірлік экономикалық, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлерін арнайы барып құттықтады.

    Аға буын – ел тарихының куәсі, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмір мектебі. Олардың өнегелі өмір жолы мен адал еңбегі – бүгінгі буын үшін әрдайым биік өнеге.

    Аудан басшысы құттықтаған ардагерлердің бірі – 1930 жылы дүниеге келген Екатерина Еремеевна Грац. Ол еңбек жолын М.Горький атындағы кеңшарда сауыншы болып бастап, ауыл шаруашылығын дамытуға белсене қатысқан. Сонымен қатар, жастармен бірге Алматы бағытындағы теміржол құрылысына да өз үлесін қосты. 1950 жылы шаңырақ көтеріп, 7 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған ардақты ананың еңбекпен өрілген ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі.

    Еңбек жолының 32 жылын шопандық қызметке арнаған Шоңғар Уксикбаев 1940 жылы туған. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, өңірдің еңбек тынысын кеңейтуге зор үлес қосты. Шоңғар ақсақал – 12 бала тәрбиелеп өсірген өнегелі әулеттің отағасы. Бүгінде оның перзенттері де түрлі салада абыройлы қызмет етіп, отбасылық дәстүрді жалғастырып келеді.

    Сондай-ақ, мерекеде құрмет төрінен көрінген ардагердің бірі – Жайшылық Суинов. Ол еңбек жолын есепшілік қызметке арнап, Алға ауданына қарасты Қарақобда, Ильинка (қазіргі Ақай) ауылдарында және Алға қаласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагер бүгінде ұрпақ өрбітіп, үлкен бір әулеттің сүйеніші болып отыр.

    Кездесу барысында аудан әкімі қариялардың ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін алғыс білдіріп, оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына бақ-береке тіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақұдық ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары