ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРМЕН БІРГЕ ТҮРКІСТАННЫҢ МӘДЕНИ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

    ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРМЕН БІРГЕ ТҮРКІСТАННЫҢ МӘДЕНИ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ
    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің аға буын өкілдерімен бірге Түркістан қаласының мәдени орындарын аралады. Облыс әкімі мен ардагерлер «Қолөнершілер» орталығына барып, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған жәрмеңкемен танысты. Мұнда олар дәстүрлі қолөнерді дамыту, ұлттық өнерді дәріптеу және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тамашалады.
    Аға буын өкілдері шеберлермен пікірлесіп, ұлттық қолөнердің тәрбиелік және мәдени мәніне тоқталды. Өңірдің еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері жас шеберлердің еңбегіне ризашылығын білдіріп, дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтаудың маңызын атап өтті.
    Мерекелік жүздесу барысында ардагерлер ұлттық ойындарға да белсене қатысты. Асық атып, ләңгі теуіп, садақ атқан қариялар өздерінің сергектігі мен ұлттық дәстүрге деген ықыласын көрсетті.
    Нұралхан Көшеров аға буын өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Әңгіме барысында Түркістанның рухани-мәдени келбеті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру мәселелері сөз болды.
    – Бүгінгі Түркістанның қалыптасуы мен дамуына сіздердің де еңбектеріңіз сіңді. Қаламыздың рухани орталық ретінде жаңғыруына аға буынның өнегесі мен тағылымы әрдайым қажет. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен елге жасаған қызметтеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оны жас ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ міндет, – деді облыс әкімі.
    Мәдени нысандарды аралау барысында аға буын өкілдерінің ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы орнына ерекше мән берілді. Халықаралық қарттар күніне арналған бұл жүздесу ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталды.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары