Атырау облысында тегін ағылшын тілі курстары ұйымдастырылды

    Атырау облысында тегін ағылшын тілі курстары ұйымдастырылды

    Атырау облысының Құрманғазы ауданында ауыл мектептерінің 100 оқушысы ағылшын тілін тегін оқыды. Курстар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының шағын гранты негізінде қолға алынған «English House – ауылдан әлемге» жобасы аясында өтті.

    Жоба «Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды дамыту» бағыты бойынша ұйымдастырылды. Екі айға жуық уақытқа созылған курс Еңбекші, Құрманғазы және Шортанбай ауылдық округтерін қамтыды. Оған оқу үлгерімі жақсы, көпбалалы отбасылардан шыққан, шығармашылықта, спортта және басқа да салаларда жетістікке жеткен оқушылар іріктелді.

    Жобаның мақсаты – ауыл балаларының ағылшын тілін үйренуіне мүмкіндік беріп, оқуға деген ынтасын арттыру және білімін одан әрі жетілдіруіне қолдау көрсету.

    Сабақты үш педагог өткізді. Олар оқушылардың сөздік қорын молайтып, ағылшын тілінде еркін сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесті. Сабақтар интерактивті форматта өтіп, оқушылар ағылшын тілін тапсырмаларды орындау барысында белсенді қолданды.

    Оқушылар сабақтарға қызығушылықпен қатысып, ағылшын тілінде сөйлеуге машықтанды.

    «Оқу барысында білімімді жетілдіріп, ағылшын тілінде өз ойымды нақтырақ жеткізе бастадым. Осындай жобалар көбейіп, ауыл оқушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылса екен!» – деді жобаға қатысушы Жамас Нұрланұлы.

    «English House – ауылдан әлемге» жобасын Қазақстанның Азаматтық альянсы мен «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бастамаға аудандық білім бөлімі, жергілікті мектептер мен ағылшын тілі мұғалімдері де қатысты.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары