Азық-түлік тиелген жүк көліктері Ақтөбеден елордаға жол тартты

    Азық-түлік тиелген жүк көліктері Ақтөбеден елордаға жол тартты

    Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астана қаласында өтетін «Дала дәмі» жәрмеңкесіне 200 тоннадан астам өнім жөнелтті. Азық-түлік өнімдері елорда тұрғындарына нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағамен ұсынылады.

    Ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген автокеруен 30 қыркүйекте Ақтөбеден Астанаға жолға шықты. 3-4 қазан күндері жәрмеңке Қарқаралы-1 тас жолы бойындағы «Ипподром» алаңында өтеді.

    Жәрмеңкеге облыстың 12 ауданынан және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысады.

    «200 тоннадан астам өнім дайындап, елордаға жөнелтіп жатырмыз. Оның ішінде 70 тоннадан астамы ет өнімдері, сондай-ақ сүт, балық өнімдері және “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында өндірілген тауарлар бар. Бұл жәрмеңке арқылы Ақтөбе облысының сапалы өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынамыз», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов.

    Астанаға ет, сүт және көкөніс өнімдері, балық, жұмыртқа, шұжық, ұн және макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар, тары-талқан, консервілер және басқа да тауарлар жеткізіледі. Сондай-ақ келушілерге қымыз, шұбат, ешкі сүті және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өндірілген өнімдер ұсынылады.

    Жәрмеңкеге «Айс+», «Агрофирма Тау», «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты», «Рамазан», «СПК «Айбек», «Степное», «Рокос», «Изет Грин Хаус», «Гринхаус Казахстан», «Глобал Мастер Групп» және басқа да өңір кәсіпорындары қатысады.

    Жәрмеңке елорда тұрғындары мен қонақтарына Ақтөбеде өндірілген ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алға ауданы әкімдігі" жаңалықтары