
Қостанай облысында қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда.
Бүгінде өңірдің 74 елді мекенінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2,1 мыңнан астам контейнер орнатылған. Тағы жеті елді мекенде қайталама шикізатты қабылдайтын 17 пункт жұмыс істейді.
Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Клопованың айтуынша, 29 елді мекенде қалдықтарды сұрыптау жүргізіледі. Жиналған қайталама шикізат қайта өңдеуге жіберіледі. Өңірде 13 компания одан геотекстиль, полиэтилен құбырлар, резеңке үгіндісі, полимер-құмды брусчатка және басқа да өнімдер шығарады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 276,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болған. Оның 74,8 мың тоннасы қайта өңделіп, кәдеге жаратылған.
Табиғи ресурстар басқармасында жүйенің тиімділігі тек инфрақұрылымға ғана емес, тұрғындардың күнделікті әдеттеріне де байланысты екенін атап өтті. Оған контейнер алаңдарын дұрыс пайдалану, қалдықтарды бөлек жинау және рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу жатады.








