
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының тұрғындармен кездесуі Шілік ауыл округінде жалғасын тауып, кездесуде ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Кездесу барысында аудан әкімі ауыл округіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау және абаттандыру бағыттарында жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті.
Ағымдағы жылы Шілік ауыл округіндегі екі елді мекеніндегі көшелердің жарықшамдары ауыстырылып, Жаңа Шілік ауылындағы Т.Датқа көшесіне, Ескі Шілік ауылындағы Арыстанбаб көшесіне аяқ жол салу жұмыстары жүргізілген. Ескі Шілік ауылындағы Арыстанбаб көшесінің бойына Балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілген. М.Шаханов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ауылдық емхана газ жүйесіне қосылған.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол, жарықтандыру, жер мәселесі, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін аудан әкімі жасы 95-тен асқан тыл ардагері Камила Юрчиеваның үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Батыр ананың иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Балалық шағы ел тарихындағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген қарт ана келер ұрпақ бейбіт күннің қадірін түсініп, елдің дамуына аянбай қызмет ету керектігін айтты. Көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.









