
Елордада «Астана жастары» Сарыарқа ауданы әкімшілігі ғимаратында Астана қаласының Мемлекеттік архивінің жас ұрпақтың тарихқа қызығушылығын арттыруға, архив құжаттарын жаңа қырынан танытуға бағытталған «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жоба аясында шығармашылық жұмыс байқауы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ахивті жас ұрпаққа таныту, тарихи құжаттарды зерттеуге қызықтыру – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі.
Осы мақсатта ұйымдастырылған байқауға Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 9-12 сынып оқушылары қатысты. Жас зерттеушілер архив қорларындағы құжаттар мен фотоматериалдарды пайдаланып, тарихи тақырыптарды өздерінің шығармашылық жұмысы арқылы жеткізді.
Қатысушылардың бір бөлігі тарихи деректерді бейнеролик, презентация және заманауи цифрлық контент форматында ұсынды.
Байқаудың басты ерекшелігі – әр жұмыстың архивтік дереккөздерге негізделуі. Бұл талап жас қатысушыларды дайын ақпаратты пайдаланумен шектелмей, құжатпен жұмыс істеуге, тарихи деректі іздеуге, оны саралап, өз көзқарасы тұрғысынан ұсынуға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан алғанда, байқау тек шығармашылық сайыс емес, жастардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған танымдық алаңға айналды.
Жұмыстарды бағалау барысында қатысушылардың архив құжаттарын пайдалану деңгейі, тақырыпты ашуы, тарихи деректермен жұмыс істеу шеберлігі, шығармашылық ізденісі және материалды заманауи форматта ұсынуы ескерілді.
Байқау жұмыстарын бағалаған қазылар алқасының құрамына архив, білім, мәдениет және медиа саласының өкілдері енді. Қазылар алқасының төрағасы – «Астана қаласы мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің директоры Жангелді Бимолдин.
Қазылар алқасының құрамында Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Саят Ыбырай, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Жангүл Тажина және Архив ісінің ардегері, архив ісінің үздігі Ғазиза Исахан болды.
Байқау қорытындысы бойынша жас қатысушылар тарихи тақырыптарды шығармашылық тұрғыда ашып, архив құжаттарымен жұмыс істеудегі ізденістері мен ерекше идеяларын таныта білді. Қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды.








