Түркістанда тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес берілді

    Түркістанда тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес берілді

    Түркістан қаласының тұрғындарына мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, білікті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік берген "Құқықтық көмек" көшпелі акциясы өтті.

    Құқықтық алаң "Turan Mall" ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Түркістан облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бастамасымен, Түркістан облысының полиция департаменті және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті.

    Бір алаңда полиция, прокуратура, әділет органдары, мемлекеттік кірістер, жер ресурстары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының өкілдері, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мен "Отбасы банк" АҚ мамандары тұрғындарға кеңес берді.

    Акцияның басты ерекшелігі – ашық форматта өтуі. Азаматтар мамандарға тікелей жүгініп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша қажетті құқықтық кеңес алды.

    Полиция қызметкерлері заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал басқа мемлекеттік органдардың өкілдері әкімшілік, азаматтық және өзге де құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.

    Нәтижесінде 50-ден астам тұрғын мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары