
ЖАСЫРЫН ЗЕРТХАНАДАН КИБЕРКЕҢІСТІККЕ ДЕЙІН: ТҮРКІСТАНДА ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДІ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 953 КЕЛІДЕН АСТАМ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
Түркістан облысында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың кезекті отырысы өтті.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров, құқық қорғау органдары мен жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою, синтетикалық есірткінің таралуына жол бермеу, нашақорлықтың алдын алу, интернет кеңістігіндегі есірткі жарнамасымен күрес және дәрілік заттарды рецептісіз заңсыз сатудың жолын кесу мәселелері қаралды.
Атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Тіленшин баяндады.
– Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы жұмыстар 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде. Есептік кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 294 дерек анықталды. Оның 103-і – қылмыс, 191-і – қылмыстық теріс қылық. Есірткі сату бойынша 18, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 9, есірткі контрабандасы бойынша 13 дерек анықталды. Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіретін бір зертхананың қызметі тоқтатылды, – деді Арман Тіленшин.
Арыс қаласында анықталған жасырын зертханадан 1,5 тонна прекурсор мен шамамен 480 келі сұйық түрдегі «мефедрон» тәркіленді. Жалпы жыл басынан бері заңсыз айналымнан 953 келі 145,58 грамм түрлі есірткі заты алынды.
ЕСІРТКІ БИЗНЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ИНТЕРНЕТТЕ ДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Полиция интернет кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Жыл басынан бері «Киберқадағалау» жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалаған 1042 интернет-ресурс бұғатталды.
Сонымен қатар есірткі саудасына қатысы болуы ықтимал тұлғалардың 2002 банк картасы анықталып, олардың айналымына шектеу қойылды.
Ал нашақорлықтың алдын алу мақсатында өңірде 1075 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 104 мыңнан астам адам қамтылды. Қоғамдық орындарда есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынған 330 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көшелердегі есірткі жарнамасына қарсы 67 рейд өткізіліп, 425 граффити жазбасы жойылды.
«Қарасора–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш ай ішінде есірткі өсімдіктерін заңсыз егуге қатысты 60 дерек анықталды. Нәтижесінде 17 974 түп, жалпы салмағы 802 келі 932 грамм есірткі өсімдігі жойылды.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты органдарға есірткі қылмыстарының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Әсіресе жастар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жандандыруға, интернеттегі есірткі жарнамасына жедел тосқауыл қоюға және дәріханаларда дәрілік заттардың заңсыз сатылуына жол бермеуге басымдық берілді.









