
Павлодар облысы ТЖД №6 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Темірлан Жәнібеков «Үздік қарауыл бастығы» I республикалық байқауының қорытындысы бойынша үшінші орынға ие болды. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен өрт сөндіру бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Байқауды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті ұйымдастырды. Кәсіби сайыс қорытындысы бойынша Темірлан Жәнібеков жүлдегерлер үштігіне еніп, кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, дене төзімділігін және қызметтік міндеттерді орындауға дайын екенін көрсетті.
Темірлан Жәнібеков азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Темірланның айтуынша, оның кәсіби жолы біртіндеп қалыптасқан. Алғашында ол өзін өрт сөндіру-құтқару саласында сынап көруді шешкен. Алайда уақыт өте келе бұл қызмет оның өмірінің маңызды бөлігіне айналған.
«Қызмет барысында бұл салада тәртіп, жауапкершілік, дене дайындығы және командалық жұмыс аса маңызды екенін түсіндім. Уақыт өте келе бейімделіп, қызметті өмірімнің маңызды бөлігі ретінде қабылдай бастадым», — деді қарауыл бастығы.
Байқауға қатысушылар үш кезеңнен өтті. Алдымен теориялық тестілеу барысында кәсіби білімдері сыналды. Одан кейін белгіленген нормативтерді орындау арқылы дене дайындығының деңгейін көрсетті. Ал жарыстың қорытынды кезеңінде арнайы кедергілер жолағынан өту тапсырылды. Мұнда қатысушылардан жылдамдық, төзімділік, үйлесімді қимылдау және физикалық жүктеме жағдайында тапсырмаларды орындау шеберлігі талап етілді.
Темірлан Жәнібековтің айтуынша, байқауда қатысушылар арасындағы өзара қолдау ерекше маңызға ие болды. Сайыс бәсекелестік сипатта өткеніне қарамастан, әр өңірдің өкілдері бір-біріне қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды.
«Біз әр кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, жігерлендіріп отырдық, әріптестеріміздің нәтижесіне алаңдап, бірге қуанып отырдық. Нәтижесінде әр өңірден келген қатысушылар өздерін біртұтас, ұйымшыл команда ретінде сезінді», — деді ол.
Қарауыл бастығы үшін республикалық байқауға қатысу кәсіби білімі мен дене дайындығын сынап көруге, жаңа тәжірибе жинақтауға және еліміздің басқа өңірлерінен келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Темірлан Жәнібековтің жүлделі орынға ие болуы — оның кәсіби дайындығының, қызметтік тәжірибесінің және өрт сөндіру-құтқару саласында дамуға деген ұмтылысының нәтижесі.









