Астаналық зейнеткерлер Қарттар күніне орай ерекше флешмоб өткізді

    Астаналық зейнеткерлер Қарттар күніне орай ерекше флешмоб өткізді

    Қарттар күніне орай елорданың Нұра ауданындағы зейнеткерлер Орталық саябақта флешмоб өткізді. «Қарттар – біздің баға жетпес қазынамыз» ұранымен өткен спорттық-ойын акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

    Акцияны Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, аудан әкімдігі және елорда әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырды.

    «Біздің мақсатымыз – аға буын өкілдерін салауатты өмір салтына және белсенді демалысқа тарту, дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Бүгінгі флешмобқа Нұра ауданының 150-ге жуық зейнеткері қатысып отыр. Олардың спорттық мерекені ұнатқаны қуантады, барлығы өте риза», – деді Астана әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

    Флешмоб барысында қатысушылар сапқа тұрып, «1 қазан» деген жазуды бейнеледі және би биледі. Сондай-ақ скандинавиялық жүрістен өткен эстафетаның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

    «Мен скандинавиялық жүріспен айналысқаныма екі жыл болды. Ауданымыздағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына үнемі жиналып, спорттық және мәдени іс-шараларға бірге қатысамыз. Мұның пайдасы да, қызығы да көп. Бәріміздің жасымыз жетпістен асқан, бірақ бұл жас спортпен айналысуға да, араласуға да кедергі емес. Бәріміз дос болып, үлкен бір отбасыға айналдық», – деді флешмобқа қатысушы Гүлбара Кенжебекова.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары