«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағы кеңейтіледі

    «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағы кеңейтіледі

    «Ақтөбе» АЭА қолданыстағы 858 гектар аумағына Алға, Мұғалжар және Хромтау аудандарында орналасатын жалпы ауданы 337 гектар құрайтын үш жаңа қосалқы аймақ қосылады.

    Нәтижесінде арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 1 195 гектарды құрайды.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 31 шілдедегі №687 қаулысымен «Ақтөбе» АЭА аумағын кеңейтуге қатысты тиісті өзгерістер енгізілді. Қаулы инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған қосымша өндірістік алаңдар қалыптастыруды көздейді.

    «Ақтөбе» АЭА құрамына енгізілетін жаңа қосалқы аймақтар:

    · Хромтау ауданы — 120 гектар. АЭА құрамына Хромтау қаласының жобаланатын индустриялық аймағының аумағы енгізілді.

    · Мұғалжар ауданы — 137 гектар. Қосалқы аймақ Қандыағаш қаласының оңтүстігінде орналасады. Инженерлік желілерге қосылу нүктелері анықталған.

    · Алға ауданы — 80 гектар. Қазіргі уақытта қосымша инженерлік инфрақұрылым мүмкіндіктерін айқындау, қосылу нүктелерін анықтау және техникалық шарттарды алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

    «Ақтөбе» АЭА қатысушылары ретінде экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыратын отандық және шетелдік инвесторлар тіркеле алады. Сонымен қатар кәсіпорындар арасындағы өндірістік кооперацияны дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және ортақ инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өнеркәсіптік кластерлер құру көзделген.

    АЭА аумағын кеңейту өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және Ақтөбе облысы аудандарының өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары