ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ МЕН КӨКӨНІС ЖӘНЕ ЖЕМІСТІҢ 90 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ЖИНАЛДЫ

    ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ МЕН КӨКӨНІС ЖӘНЕ ЖЕМІСТІҢ 90 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ ЖИНАЛДЫ
    Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында егін жинау науқанының барысы, күзгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтау мәселелері қаралды. Үкімет отырысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров онлайн режимде қатысты.
    Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 920,1 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға артық. Егіс құрылымында әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағыттарына басымдық берілді.
    Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 28 мың гектарға ұлғайып, 98,3 мың гектарды құрады. Жүгері 46,5 мың гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 6,4 мың гектарға артты. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында күріш алқабы 7,4 мың гектарға қысқартылып, 3,5 мың гектарды құрады. Ал масақты дақылдар көлемі 12,8 мың гектарға азайып, 274,4 мың гектар болды. Көкөніс, картоп және малазықтық дақылдар алқабы өткен жылғы деңгейде сақталды.
    Өңірде мақта шаруашылығына да ерекше мән беріліп отыр. Биыл мақта 173,6 мың гектарға егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 мың гектарға көп. Егіс көлемінің артуы, ең алдымен, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу есебінен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда мақта алқаптарының 91 мың гектары су үнемдеу технологияларымен қамтылған, ал дәстүрлі әдіспен 82,6 мың гектарға мақта өсірілуде.
    Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдық-техникалық ресурстар да алдын ала қамтамасыз етілген. Биыл облыста 1267 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техника паркін жаңарту үлесі 7,1 пайызды құрады. Жиын-терім жұмыстарына 17,5 мың тонна жанар-жағармай сатып алынды. Оның босату бағасы литріне 284-286 теңге аралығында белгіленді.
    Сонымен қатар егіс алқаптарына 195,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Жыл қорытындысымен бұл бағыттағы жоспар толық орындалады деп күтілуде. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу үшін 1841 жобаға 32,1 млрд теңге көлемінде қаржы берілді.
    Өңірдің қолайлы климаттық жағдайына байланысты ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары басқа өңірлерге қарағанда ерте басталды. Қазіргі таңда дәнді және бұршақты дақылдардың 90 пайызы жиналды. 325,8 мың гектар алқаптан 729,3 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 24 центнерді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 центнерге артты.
    Бұдан бөлек, майлы дақылдардың 90,1 мың тоннасы немесе 91 пайызы, көкөніс-бақша дақылдарының 2,7 млн тоннасы немесе 93 пайызы жиналды. Мал азығын дайындау жұмыстары да жоғары қарқынмен жүргізіліп, 5,2 млн тонна өнім жиналды. Бұл жоспардың 102 пайызына сәйкес келеді.
    Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған болатын. Алайда бұл межеге мерзімінен бұрын қол жеткізіліп, қазіргі таңда нақты 45,6 мың гектар алқапқа енгізілді. Яғни белгіленген жоспар 1,7 есеге артығымен орындалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Нәтижесінде облыста су үнемдеу технологияларымен қамтылған жалпы егістік алқаптың көлемі 164 мың гектарға жетеді. Бұл жылына шамамен 280 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
    Технологиялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста 2025-2026 жылдары төрт отандық кәсіпорын іске қосылды.
    Облыс әкімі Үкімет отырысында өңірдегі күзгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Егін жинау науқанын белгіленген мерзімде аяқтау және шаруаларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары