
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец Көкшетау қаласындағы бірқатар білім беру ұйымдарына барды.
Жұмыс сапары барысында білім беру жүйесіндегі цифрландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инновациялық технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу және білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жобалар таныстырылды.
Алдымен вице-министрге Көкшетау қаласындағы Техникалық лицейдің материалдық-техникалық базасы мен цифрлық жобалары таныстырылды. Білім ордасында жасанды интеллект технологияларын қолдануға негізделген Protector AI жүйесі көрсетілді.
Жоба білім беру ортасындағы психологиялық ахуалды бақылауға бағытталған. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе оқушылар мен педагогтердің эмоционалдық жағдайын талдауға, сондай-ақ буллинг белгілері мен фактілерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл технология білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы қолайлы психологиялық ортаны қалыптастыру бағытындағы заманауи шешімдердің бірі ретінде ұсынылды.
Сапардың келесі бағыты – «Zerek» бөбекжай-бақшасы. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйымда 2-6 жас аралығындағы 287 бала тәрбиеленуде.
Балабақша меңгерушісі Аягөз Каппасова білім беру ұйымының негізгі басымдығы балалардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталғанын атап өтті. «Осы мақсатта тәрбие мен білім беру үдерісіне инновациялық технологиялар кеңінен енгізілуде. Бөбекжайдың материалдық-техникалық базасында балалардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, мұнда музыкалық және спорт залдары, интерактивті скалодром, STEM зертханасы, интерактивті құмсалғыш, робототехника кабинеті, логопед-психолог кабинеттері, сенсорлық және би залдары жұмыс істейді»- деп атап өтті Аягөз Каппасова.
Сапар барысында Ақмола облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мұнда вице-министрге орталықтың жұмыс алгоритмі мен техникалық мүмкіндіктері таныстырылды.
Мамандар білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бейнебақылау жүйелерінің маңызын көрсетті. Вице-министрге білім беру нысандарында орнатылған бейнебақылау камераларына қосылу мүмкіндігі нақты уақыт режимінде көрсетілді.
Сапардың қорытынды кезеңінде делегация «Digital Aqmola» орталығының жұмысымен танысты.
Орталықта білім беру саласындағы цифрлық деректерді жинақтап, талдауға мүмкіндік беретін Smart Aqmola дашборды таныстырылды. Платформа арқылы білім беру ұйымдарындағы интернет жылдамдығына мониторинг жүргізіліп, байланыс сапасына қатысты мәселелерді жедел анықтауға және оларды шешу үшін байланыс операторларымен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар.
Жалпы, жұмыс сапары барысында Ақмола облысында білім беру саласын цифрландыру, заманауи технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарының технологиялық әлеуетін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.
Заманауи технологияларды тиімді пайдалану – білім сапасын арттырумен қатар, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды тетігі.









