"Қауіпсіз үй" іс-шарасы: Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу күшейтілді

    "Қауіпсіз үй" іс-шарасы: Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу күшейтілді

    Атырау облысының аумағында 15-17 қыркүйек аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

    Үш күнге жоспарланған шара барысында полиция қызметкерлері отбасылық жанжалға бейім азаматтарды, сондай-ақ көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, олардың жағдайын зерделейді. Тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, зорлық-зомбылыққа жол бермеу және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

    Жыл басынан бері облыс аумағында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында болған құқық бұзушылықтар туралы 4158 хабарлама қаралды. Отбасындағы тыныштықты бұзған 4 мыңнан астам тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Сонымен қатар отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушыларға қатысты 3310 қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл құжаттар арқылы құқық бұзушылардың жәбірленушілерге қатысты әрекеттеріне заңда белгіленген шектеулер қойылады.

    Полиция қызметкерлері отбасындағы жанжалға немқұрайлы қарамауға шақырады. Зорлық-зомбылыққа тап болған немесе мұндай жағдайдың куәсі болған жағдайда, дереу 102, 111 немесе 98-10-99 нөмірлеріне хабарласуға болады.

    Отбасындағы қауіпсіздік – әр адамның құқығы мен өміріне деген құрметтен басталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" жаңалықтары