Атом энергетикасына арналған кадрлар: білімге, құзыреттерге және Қазақстанның болашағына инвестиция

    Атом энергетикасына арналған кадрлар: білімге, құзыреттерге және Қазақстанның болашағына инвестиция

    Данияр Джансейтов – Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің Қазақстандық қамту департаментінің директоры

    Қазақстанның атом энергетикасын дамыту туралы сөз болғанда, көбінесе технологиялар, құрылыс, жабдықтар және болашақ инфрақұрылым туралы айтамыз. Алайда кез келген күрделі технологиялық жобаның артында ең алдымен адамдар тұрады. Білікті инженерлер, физиктер, энергетиктер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, ғалымдар, құрылысшылар мен т.б. сол секілді қызметкерлерсіз атом саласын сенімді дамыту мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі таңда кадр даярлау атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.

    Атом энергетикасы ғылымды көп қажет ететін және технологиялық тұрғыдан күрделі салалардың қатарына жатады. Бұл бағыт физика, энергетика, инженерия, материалтану, химия, ақпараттық технологиялар және басқа да көптеген салалар бойынша терең білімді талап етеді. Сонымен қатар қазіргі заманғы атом энергетикасы маманы тек іргелі біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды меңгеруі, ядролық және радиациялық қауіпсіздік талаптарын түсінуі, заманауи жабдықтармен жұмыс істей алуы және халықаралық стандарттарды қолдана білуі қажет.

    Қазақстанда бұл үшін қажетті білім беру және ғылыми база қалыптасқан. Мамандар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде және басқа да жоғары оқу орындарында даярланады. Атап өту керек, 2000 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы саласында 4,5 мыңнан астам маман даярланды.

    Еліміздің ғылыми инфрақұрылымының да маңызы зор. Ядролық физика институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы көптеген жылдар бойы ғылыми құзыреттерді қалыптастырып, студенттер мен жас мамандарға практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп келеді. Ғылыми ұйымдардың базасында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, реакторлық технологиялар, бұзбай бақылау және радиациялық мониторинг бағыттары бойынша зерттеу жобалары, дипломдық жұмыстар мен тағылымдамалар жүзеге асырылады. Университеттегі білім мен практикалық даярлықтың осындай үйлесімі нақты технологиялық міндеттерді шешуге дайын маманды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар кадр даярлау жүйесі халықаралық тәжірибені ескере отырып дамуы тиіс. Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мүшесі ретінде атом энергетикасы инфрақұрылымы дамыған мемлекеттермен ынтымақтастық орнатып келеді. Халықаралық ынтымақтастық студенттерге, ғалымдарға және мамандарға білім беру және ғылыми бағдарламаларға қатысуға, тағылымдамадан өтуге, заманауи технологиялармен танысуға және озық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.

    Бұл бағытта «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының маңызы ерекше. 2026 жылдан бастап атом саласының қызметкерлері үшін жеке санат енгізіліп, жыл сайын магистратура, докторантура және тағылымдамадан өту бағдарламалары бойынша 20 стипендия қарастырылды. Бұл - кадрды мақсатты даярлаудың жаңа құралы. Ол қазақстандық мамандарға шетелдік жетекші университеттерде, ғылыми орталықтарда және бейінді ұйымдарда білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Халықаралық даярлау мүмкіндіктерінің қатарында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте (МАГАТЭ) тағылымдамалар да бар.

    Бұл жерде атом саласына арналған 20 стипендия «Болашақ» бағдарламасы аясындағы арнайы жыл сайынғы квота екенін, оның атом энергетикасын таңдаған барлық студенттерге арналған гранттардың жалпы саны еместігін атап өткен жөн. Мысалға, 2026 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша жалпы 635 стипендия қарастырылған. Оның ішінде 400 стипендия магистратураға, 50 – докторантураға, 165 – кәсіби тағылымдамаларға және 20 – арнайы санат бойынша бакалавриатқа бөлінген. Сонымен қатар 2026 жылы «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдарға арналған тағы 250 орын қарастырылған.

    Кәсіби жолын енді бастап келе жатқан жастар үшін бұл бірнеше білім беру бағытының қалыптасып отырғанын білдіреді.

    Сонымен қатар біз кадр даярлау жүйесінің атом саласының нақты қажеттіліктерімен барынша тығыз байланыста болуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Атом саласына кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында ұзақ мерзімді кадрлық жоспарлау, кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен МАГАТЭ ұсынымдарын ескере отырып бейімдеу, шетелдік университеттермен қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделіп отыр.

    Бүгінгі міндетіміз – бейінді мамандықтар бойынша түлектер санын жай ғана арттыру емес. Мақсатымыз білім, ғылым, практика және халықаралық тәжірибе бірін-бірі толықтыратын ұлттық кадрлық жүйе қалыптастыру қажет. Студент Қазақстан университетінде іргелі білім алып, ғылыми немесе өндірістік базада практикалық дағдыларын жетілдіріп, қажет болған жағдайда шетелде білім алып немесе тағылымдамадан өтіп, алған құзыреттерін Қазақстанда қолдана алуы тиіс.

    Қазақстанда атом энергетикасына қажетті білікті мамандарды даярлаудың берік негізі қалыптасқан. Бүгінде елімізде жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары, тәжірибелі мамандар және халықаралық серіктестік тетіктері бар. Ендігі мақсат – осы мүмкіндіктердің барлығын бір арнаға тоғыстырып, атом саласына кадр даярлаудың тиімді әрі ұзақ мерзімді жүйесін қалыптастыру.

    Атом энергетикасына арналған кадр даярлау – бір жылға немесе бір жобаға ғана есептелген жұмыс емес. Бүгін біз даярлай бастаған мамандар салада ондаған жылдар бойы еңбек ететін болады. Сондықтан біздің міндетіміз – қазақстандық жастарға тек сұранысқа ие мамандық алу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қатар университет аудиториясы мен зертханадан бастап халықаралық тағылымдамаға және атом энергетикасы нысандарындағы жұмысқа дейінгі толыққанды кәсіби траектория қалыптастыруға мүмкіндік беру.

    Кадр даярлау сапасы еліміздің атом энергетикасын дамытудағы мүмкіндіктерін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Білікті мамандардың болуы атом саласының қауіпсіз әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның өз инженерлік, ғылыми және технологиялық әлеуетін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі" жаңалықтары