https://www.instagram.com/reel/DdGqVhlqohc/?stkn=MWU5Y2ZzcmRobjBlMw==
Отбасы күні – шаңырақтың қадірін арттырып, ата-анаға құрмет, ұрпаққа өнеге болатын қасиетті құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке. Осы айтулы күнге орай Әйтеке би ауданында ұзақ жылдар бойы бір-біріне сүйеу болып, сыйластық пен татулықты ту етіп, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан көп жылдық отбасыларға құрмет көрсетілді.
Мереке қарсаңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Прмагамбетов және Т.Жүргенов ауылдық округ әкімі С.Еримбетов үлгілі отбасылардың шаңырағына арнайы барып, отбасы мүшелерін мерекемен құттықтады. Аудан әкімінің атынан мерекелік себет пен Алғыс хат табысталып, ақжарма тілектер айтылды.
Солардың қатарында Т.Жүргенов ауылында тұратын, жылдар бойы береке-бірліктің, өзара сыйластық пен отбасылық құндылықтардың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан М.Сатимовтар, Қ. Дабыловтар және К. Қозбағаровтар отбасылары бар. Бұл шаңырақтардың ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ұзақ жылдар бойы бірлігін бекем сақтап, қиындықта қолдау көрсетіп, қуанышта бірге шаттана білген жандардың өмір жолы – отбасының мызғымас беріктігінің айқын көрінісі.
Отан – отбасынан басталады десек, осындай өнегелі шаңырақтар – елдің берекесі мен қоғамның тұрақтылығының негізі. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып, ұрпағына ізгі тәрбие берген отбасылардың өмір жолын насихаттау – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңызды бір бағыты.
Берекелі шаңырақтан – бақытты ұрпақ, тату отбасынан – тұғырлы мемлекет қалыптасады.
Отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, ұрпақтарыңызға бақ-береке тілейміз! Мереке құтты болсын!








