Өскелең ұрпақ қауіпсіздігі – ел болашағының берік діңгегі

    Өскелең ұрпақ қауіпсіздігі – ел болашағының берік діңгегі

    Өскелең ұрпақ қауіпсіздігі – ел болашағының берік діңгегі. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды түрлі жағымсыз құбылыстардан қорғау – мемлекет пен қоғамның алдында тұрған ең қасиетті де жауапты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы атап өткен «Заң мен Тәртіп» қағидаты – елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, әділетті қоғам қалыптастырудың айнымас кепілі. Әсіресе, өмірлік тәжірибесі аз, көңілі сенгіш жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. 11 қыркүйекте Қарағанды қаласының ПБ қалада орналасқан мектеп , колледж және басқа да оқу орындарының басшылығымен кездесу өткізді. Жиында мектеп қабырғасындағы буллинг пен психологиялық қысым, әлеуметтік желілердегі интернет-алаяқтық пен кибербуллинг, сондай-ақ жастарды арбауына түсіретін есірткі қылмысы сияқты қатерлер қоғам тыныштығын алаңдатпай қоймайтын маңызды мәселелер талқыланды.Мұндай күрделі түйткілдерге көз жұма қарау – болашағымызға балта шабумен бірдей. -Баланы қылмыстан, жаман әдеттен, заманауи қауіптерден аман алып қалу – тек полиция өкілдерінің немесе білім беру саласы қызметкерлерінің ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл азаматтық қоғамның ортақ парызы. Бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі – бүкіл ел болып жұмыла көтеретін жүк" - деп өз сөзінде атап өтті Қарағанды қаласының полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин. Алқалы жиынға қала әкімінің орынбасары, білім бөлімі, прокуратура және қоғамдық ұйым өкілдерінің арнайы қатысуы – осы ортақ мақсатқа деген біртұтас ұмтылыс пен жоғары жауапкершіліктің айқын дәлелі болды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудың тиімді де кешенді жолдарын қарастырған басқосуда салмақты пікірлер айтылып, нақты шешімдер ұсынылды. Бала – біздің үмітіміз, мейіріміміз бен ертеңіміз. Ұрпағымызды сауатты, заңға бағынатын, саналы азамат етіп тәрбиелеу жолындағы бұл ортақ іс әрбір азаматтың жүрек қалауына айналуы тиіс. Бәріміз бір адамдай жұмылғанда ғана өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі жарқын болашақ сыйлай аламыз.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының Полиция департаменті" жаңалықтары