
Қызмет пен отбасы: Жамбылда полиция ардагерлері тәжірибесімен бөлісті
Жамбыл облысы Полиция департаментінде жас отбасылар мен аға буын өкілдері бас қосып, отбасы құндылықтары жайында еркін әңгіме өрбітті.
«Берекелі отбасы – берік мемлекет» атты кездесуге полиция ардагерлері жұбайларымен бірге және жаңадан отау құрған жас отбасылар қатысты.
Бұл жолы әдеттегі ресми жиыннан гөрі, өмірлік тәжірибеге негізделген жылы жүздесу ұйымдастырылды. Ардагерлер қызметтегі жауапкершілік пен отбасындағы міндетті қатар алып жүрудің қыр-сырын айтып, жастарға өз тәжірибесінен кеңес берді.
Досмырза Махамбеталыұлы жұбайы Шолпан Шарифханқызымен және Семейхан Молданұлы жұбайы Гүлбану Қайырбердіқызымен бірге жас отбасылардың сұрақтарына жауап берді.
Әңгіме барысында сыйластық, сабыр, өзара қолдау, бірге уақыт өткізу және отбасылық дәстүрді сақтау мәселелері қозғалды.
– Отбасыда мәселені кімнің жеңгені емес, оны бірге шешкен маңызды. Бір-біріңе тірек болып, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісе білсеңдер, шаңырақтарың берік болады, – деп атап өтті ардагерлер.
Жастар да өз ойларын ортаға салып, ардагерлерге қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдік, жұбайлар арасындағы түсіністік, бала тәрбиесі және отбасылық жауапкершілік туралы сұрақтарын қойды.
Кездесудің соңында ардагерлер жас отбасыларға ақ батасын арнап, шаңырақтарына береке мен татулық тіледі.
Іс-шара Адал азамат қағидаттарын іске асыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының басым бағыттарын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.






