
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілін насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Тіл – ұлттық рухани тірегі» атты іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында тілдің ұлт өміріндегі маңызы, оның халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын сақтаудағы ерекше рөлі атап өтілді. Департамент қызметкерлері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін қызмет барысында және күнделікті қарым-қатынаста кеңінен қолдану, сондай-ақ тіл мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. Шара барысында қазақ халқының мақал-мәтелдері, нақыл сөздері мен шешендік сөздеріне арналған танымдық сұрақтар қойылып, түрлі қызықты тапсырмалар ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін дәріптеп, өз білімдері мен белсенділіктерін көрсетті. «Тіл – ұлттық рухани тірегі» атты іс-шара мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып қана қоймай, ұжым мүшелерін ұлттық құндылықтарды қастерлеуге, ана тілін құрметтеуге және оның дамуына өз үлестерін қосуға үндеді. Тіл – халықтың рухани қазынасы, ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Мемлекеттік тілді дамыту мен оның қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, тіл мәдениетін насихаттауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.









