22 сәуір – Халықаралық планетаны көгалдандыру күні

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    22 сәуір – Халықаралық планетаны көгалдандыру күні

    БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау туралы қарар қабылдады. Бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұсынған болатын. Қарарға әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет қолдау білдірді. Қазақстанда көгалдандыру және орманды қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2021–2025 жылдары мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млн гектардан астам жерде 1,6 млрд-тан астам көшет отырғызылып, тұқым себілді. Осы кезеңде қалалар мен елді мекендерде шамамен 18,4 млн ағаш отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған табанында 1,1 млн гектардан астам аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында соңғы екі жылда елімізде 1,5 мыңға жуық экологиялық іс-шара өткізіліп, шамамен 5,5 млн ағаш отырғызылды. Алдағы негізгі міндеттер: 2026 жылы 210 млн-нан астам көшет отырғызу; 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырманы 2027 жылдың соңына дейін аяқтау; орман питомниктерін дамыту және өңірлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету; отырғызылған ағаштардың жерсінуіне мониторингті күшейту; қалалар мен елді мекендердің айналасындағы жасыл аймақтарды кеңейту; 2035 жылға қарай орманмен көмкерілген аумақты 14,7 млн гектарға дейін ұлғайту; «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасы аясында Қазақстанда 1 млн гектардан астам аумақта орман екпелерін құру мүмкіндігін қарастыру; халықаралық климаттық қаржыландыру мен көміртегі бірліктері тетіктерін тарта отырып, орман-климаттық жобаларды іске асыру. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Негізгі міндет – отырғызылған ағаштардың жерсінуін қамтамасыз ету, жасыл аумақтарды кеңейту және орманды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын арттыру. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары