Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Заңына сәйкес және «Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысын орындау үшін облыстық әкімият ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жұмыссыздарға, қоғамдық жұмыстарда істейтіндерге еңбек ақы төлеудің және жұмыссыздарды кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау кездеріндегі шығындарды өтеудің ұсынылып отырған тәртібі бекітілсін.
2. Аудандардың және Орал қаласының әкімдері аймақтағы ұйымдардың тізбесін, қоғамдық жұмыстардың түрлерін, көлемі мен нақты жағдайларын және жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай қатысушыларға еңбек ақы төлеудің көлемі мен қаржыландыру көздерін бекітсін.
3. Облыстық қаржы басқармасы (Хамитов) 2002 жылға арналған бюджетті әзірлеген кезде жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту мәселесі жөнінде облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы берген негізделген есептер негізінде Қазақстан Республикасы еңбек рыногының бірыңғай ақпараттық мәліметтер базасына қатысуын және жұмыспен қамту орталықтарын Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Интернет жүйесіндегі WEB - сайтына қосылуын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге қаржы бөлуді қарастырсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. Нұрғалиевке жүктелсін.
Облыс әкімі
Қ.Көшербаев
Облыстық әкімияттың
2001 жылғы 20 қарашадағы
№ 57 қаулысына
қосымша
Қоғамдық жұмыстарда істейтін жұмыссыздарға еңбек ақы төлеудің және жұмыссыздарды кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау кезеңдеріндегі шығындарды өтеудің ТӘРТІБІ
1. Қоғамдық жұмыстар жергілікті атқарушы органдар арқылы ұйымдарда уақытша жұмыс орындарын ашу жолымен ұйымдастырылады және жергілікті бюджет қаржысынан, тапсырысы бойынша жұмыс берушілердің қаржысынан қаржыландырылады.
Күнтізбелік жыл ішінде жұмыссыздарды қоғамдық жұмыстарға қайтадан тартуға жол беріледі.
Еңбек, зейнетақымен қамтамасыз ету және сақтандыру туралы қазіргі заңнамаларға сәйкес аталған жұмыстарда істейтін жұмыссыздарға еңбек ақы төлеу мөлшері орындалатын жұмыстың санына, сапасына және күрделілігіне байланысты, бірақ еңбек ақының белгіленген ең аз мөлшерінен кем емес көлемде белгіленеді.
Қоғамдық жұмыстарға жіберілген жұмыссыздармен жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс беруші оған жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төлейді.
2. Жұмыссыздарды кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға және олардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шара болып табылады.
Жұмыссыздарды кәсіптік даярлауға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жергілікті бюджеттен қаржы бөлу жұмыспен қамту бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі өкілді органдардың жолдамасы бойынша жұмыссыздарды кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау құнына, тікелей оқытуға байланысты шығындардан басқасы, тұру, тамақтану, дәрігерлік тексеруден өту және облыстан тысқары жерге оқу үшін бару жолақысы шығындары қосылады.
Жұмыссыздардың кәсіптік даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау кезіндегі шығындарын өтеу ай өткеннен кейін төмендегідей тәртіпте жүзеге асырылады:
тұрғаны үшін облыстық білім басқармасы белгілеген облыстың білім беру жүйесі кәсіптік-техникалық мектептерінің, лицейлерінің, колледждерінің жатақханаларында тұрғанына арналып, орташа бағалар есебінен белгіленеді.
дәрігерлік куәландыруға - облыстық денсаулық сақтау басқармасы белгілеген оқу орындарына түсушілер үшін (№ 086 үлгі) дәрігерлік тексеруден өтуге арналған облыстың кеңес беру - диагностикалық емханаларындағы бағалар белгіленеді.
тамақтануға - аумақтық статистика органы белгілеген облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы тұтыну корзинасындағы тамақ өнімдері шығындарына арналған, нақты кезеңде қалыптасқан есептен белгіленеді.
оқитын жеріне бару жолақысы - қалалық, қала маңына және жергілікті қатынастағы (таксиден басқа) қоғамдық көліктің барлық түріне арналған жол жүру құжаттары негізінде өтеледі.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.