Атырау облысы әкімиятының регламентін бекіту туралы
"Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 24 сәуiрдегi N 546 "Облыс республикалық маңызы бар қала, астана) және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмияттары Үлгiлiк регламенттерiн бекiту туралы" Қаулысын орындау үшiн облыс әкiмияты ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Атырау облысы әкiмиятының Регламентi бекiтiлсiн.
2. Облыс әкiмi аппаратының мемлекеттiк-құқықтық және әскери-жұмылдыру жұмысы бөлiмi (Ә.Жарылғасов) Атырау облысы әкiмиятының Регламентiн облыстық әдiлет басқармасында тiркеудi қамтамасыз етсiн.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкiмi аппаратының басшысы М.Өтешовке жүктелсiн.
Облыс әкімі
С. Дәукеев
Облыс әкімиятының
2001 жылғы 14 мамырдағы N 1
қаулысымен бекітілген
Атырау облысы әкімиятының регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Атырау облысы әкiмияты Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi, атқарушы өкiметтiң жалпы мемлекеттiк саясатын тиiстi аумақтың дамуы мүдделерiмен және қажеттiлiктерiмен ұштастыра жүргiзудi қамтамасыз етедi.
2. Әкiмият құрамын әкiмнiң орынбасарларынан, әкiм аппаратының басшысынан, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бiрiншi басшыларынан әкiм қалыптастырады. Әкiм әкiмият мүшелерiнiң санын айқындайды. Әкiм әкiмият жеке құрамын айқындайды және облыстық мәслихаттың шешiмiмен келiсiледi.
3. Әкiмият қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен және осы Регламентпен реттеледi.
4. Облыс әкiмiнiң аппараты әкiмияттың қызметiн ақпараттық талдауды, ұйымдастырушылық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
5. Әкiмияттың iс қағаздарын жүргiзу және әкiмиятқа түсетiн хат-хабарларды өңдеу аппаратқа жүктеледi және "әкiмшiлiк рәсiмдер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң талаптарына сәйкес әзiрленетiн және облыс әкiмi бекiтетiн тәртiппен жүзеге асырылады.
6. Әкiмнiң орынбасарлары мен аппарат басшысы әкiмияттың және әкiмнiң қарауына енгiзiлетiн кесiмдер жобаларының өтуiнiң осы Регламентпен белгiленген тәртiбiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Жұмысты жоспарлау
7. Аппарат әкiмият мүшелерiнiң және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша әкiмияттың мәжілiстерiнде қаралатын мәселелердiң тоқсан сайынғы тiзбесiн жасайды. Әкiмияттың мәжiлiстерiнде қарауға жоспарланатын мәселелердiң тiзбесiн әкiм бекiтедi. Бекiтiлген тiзбе әкiмияттың мүшелерiне, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, атқарушы органдардың басшыларына, қалалардың, аудандардың әкiмдерiне және басқа да лауазымды тұлғаларға таратылады.
Әкiм тиiстi атқарушы органның бiрiншi басшысы не аппарат басшысы ұсынатын анықтама негiзiнде тiзбеден жоспарланған мәселенi алып тастау немесе оны қарауды басқа да мерзiмге ауыстыру туралы шешiм қабылдайды.
3. Әкiмияттың мәжiлiстерiн дайындау және өткiзу тәртiбi
8. Әкiмияттың мәжiлiстерi айына бiр реттен көп болмай өткiзiледi және оны әкiм шақырады.
9. Әкiмияттың мәжiлiстерiнде әкiм, ал ол болмаған кезде - әкiмнiң мiндетiн атқарушы орынбасары төрағалық етедi.
10. Әкiмияттың мәжiлiстерi, әдетте, ашық болып табылады және мемлекеттiк және (немесе) орыс тiлдерiнде жүргiзiледi. қажет болған жағдайда, жекелеген мәселелер жабық мәжiлiстерде қаралуы мүмкiн.
11. Әкiмияттың мәжiлiсi, егер оған әкiмшiлiк мүшелерiнiң үштен екiсi қатысса, заңды болып есептеледi. Әкiмияттың мәжiлiсiнде мәселенi қараудың нәтижелерi бойынша қаулы қабылданады. Қаулы әкiмияттың қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады.
12. Әкiм бекiткен тiзбе бойынша әкiмияттың мәжiлiстерiнде Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихаттың депутаттары, аудандардың, қаланың әкiмдерi, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары және өзге лауазымды тұлғалар кеңесшi дауыс құқығымен қатыса алады.
13. Аппараттың және атқарушы органдардың әкiмияттың мәжiлiстерiнде қарауға мәселелер дайындауы мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады: қолы осы органның ресми көзқарасын растау болып табылатын құжатты енгiзетiн органның бiрiншi басшысы не оны алмастыратын тұлға (бұдан әрi - бiрiншi басшы) әкiмият мәжiлiсiне енгiзiлетiн анықтамаларға, талдау материалдарына, қаулылардың жобаларына алдын ала бұрыштама қояды;
әдетте, жоба мен анықтама екi аралық арқылы басылған мәтiннiң 5 парағынан аспауы тиiстi;
әрбiр мәселе бойынша жобаның және анықтаманың тақырыптары бiрдей болуы тиiстi;
әкiмияттың мәжiлiсiне енгiзiлетiн материалдарға, қажет болған жағдайда, қосымша ақпараттық мәлiметтер қоса берiледi;
мәселе енгiзетiн орган немесе аппараттың құрылымдық бөлiмшесi талқыланатын мәселелер бойынша мәжiлiске шақырылғандардың тiзiмiн айқындайды және нақтылайды. Аппарат шақырылғандардың келуiн қамтамасыз етедi.
14. Аппарат басшысы бекiткен таратудың көрсеткiшiне сай, аппарат мәжiлiсiнiң күн тәртiбiнiң жобасын жасайды және әкiммен не оны алмастыратын тұлғамен келiсiлгеннен кейiн, оны және тиiстi материалдарды мәжiлiске дейiнгi үш күнде әкiмияттың мүшелерiне және шақырылғандарға, ал қажет болған жағдайда, басқа да лауазымды тұлғаларға таратады.
Тиiстi органдар материалдарды уақтылы ұсынбаған жағдайда аппарат басшысы бұл туралы әкiмге немесе оны алмастыратын тұлғаға баяндайды. Материалдардың уақтылы ұсынылмауына жауапкершiлiк тиiстi органдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi.
Әкiмнiң тапсырмасы бойынша шұғыл түрде әкiмияттың мәжiлiсiн өткiзген кезде қаралатын мәселелер бойынша материалдар аппаратқа ол өткiзiлетiн күнi енгiзiлуi мүмкiн.
15. Әкiмияттың мәжiлiсiнде қатысатын лауазымды тұлғалар, талқыланатын мәселелердiң аты және мән-жайы, талқылау кезiндегi баяндамашылар мен сөз сөйлеушiлер, олардың сөйлеген сөздерiнiң негiзгi мазмұны, ескертулер және әкiмият мүшелерi қабылдаған қаулы көрсетiлетiн хаттама жүргiзiледi. әдетте, мәжiлiстiң стенографиясы жүргiзiледi, мәжiлiстерде қаралатын мәселелер ақпараттың электронды тасымалдаушыларына жазылады.
Аппараттың тиiстi бөлiмi әкiмияттың мәжiлiсi аяқталған күннен бастап үш күн мерзiмде хаттаманы ресiмдейдi, оған аппарат басшысы бұрыштама соғады және мәжiлiсте төрағалық етушi қол қояды.
Әкiмият мәжiлiстерiнiң хаттамаларына күнтiзбелiк жылға реттiк нөмiрлер берiледi. Хаттамалар немесе олардың көшiрмелерi оларға қол қойылған күнi әкiмияттың мүшелерiне, ал қажет болған жағдайда, мәжiлiстерде тиiстi тапсырмалар берiлген басқа органдарға және лауазымды тұлғаларға таратылады. Таратудың тiзбесiн аппарат басшысы бекiтедi.
Әкiмият мәжiлiстерiнiң хаттамалары (түпнұсқалары), сондай-ақ олардың құжаттары аппаратта сақталады. Әкiмият мәжiлiстердiң хаттамалары және олардың құжаттары уақытша сақтау мерзiмдерi өткеннен кейiн мұрағатқа Өткiзiледi.
4. Әкiмият және әкiм актiлерiнiң жобаларын дайындаудың және ресiмдеудiң тәртiбi
16. Мынадай жағдайларда:
1) мәселенi шешу әкiмияттың құзыретiне кiргенде;
2) жергiлiктi атқарушы органдар арасында алауыздық туындаған кезде;
3) мәселенiң шешiлуi жергiлiктi атқарушы органдардың және орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi талап еткенде, атқарушы органдар әкiмият тиiстi шешiм қабылдауы үшiн оның атына ұсыныстар енгiзедi.
17. "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы", "әкiмшiлiк рәсiмдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына және осы Регламентке сәйкес аппарат және жергiлiктi атқарушы органдар әкiмият қаулыларының, әкiмнiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң жобаларын (бұдан әрi - жобалар) дайындауды жүзеге асырады.
Мүдделi органдармен келiсiлген, бiрiншi басшылары немесе оларды алмастыратын тұлғалар қол қойған жобалар мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұсынылады.
Жобаға "ескертулермен" деген келiсу болған кезде алауыздықтар туралы бiрiншi басшылары немесе оларды алмастыратын тұлғалар қол қойған қажеттi түсiндiрмелерiмен анықтама тiркеледi.
Жобаларды әзiрлеуге қатысушы органдар арасында алауыздықтар туындаған кезде, қаралып отырған мәселелердiң мән-жайы құзыретiне кiретiн, әкiмнiң орынбасары, аппарат басшысы не оның орынбасары нәтижелерi хаттамалармен ресiмделетiн кеңес шақыра алады.
Алауыздықтар жойылған кезде тиiстi орган белгiленген мерзiмде жобаны пысықтайды және оны қол қоюға ұсынады. Талқыланған мәселе бойынша келiсiмге қол жетпеген жағдайда, әкiмнiң орынбасары, аппарат басшысы бұл туралы түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн әкiмге не оны алмастыратын тұлғаға ақпарат бередi.
18. Жобалардың уақтылы, сапалы әзiрленуiне және әкiмиятқа белгiленген мерзiмдерде ұсынылуына, сондай-ақ жобаның мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкестiгiне оны әзiрлеудi жүзеге асырушы органның бiрiншi басшысы дербес жауапкершiлiк жүктейдi.
19. Жобалар мiндеттi түрде:
1) құзыретiне орай мүдделi атқарушы органдармен, бұл ретте жобаны келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаралатын мәселелердiң мән-жайын ескере отырып белгiленедi;
2) жобаның қаржылық орындылығы мен қаржыландырумен қамтамасыз етiлуi мәселелерi бойынша - қаржы саласындағы тиiстi атқарушы органмен;
3) экономикалық орындылығы және ел мен аймақтың экономикалық және әлеуметтiк даму жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкестiк мәселелерi бойынша - экономика саласындағы тиiстi атқарушы органмен келiсiледi.
20. Жобаны әзiрлеушi жоба көшiрмелерiн бiр мезгiлде барлық мүдделi атқарушы органдарға жiбередi.
Бұл ретте атқарушы органдарда келiсу мерзiмi бiр мезгiлде есептеледi және жобалардың түскен және тiркелген сәтiнен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiстi.
Әкiм, әкiмнiң орынбасарлары және аппарат басшысы келiсудiң өзге мерзiмдерiн белгiлей алады.
Әкiмнiң, әкiм орынбасарларының тапсырмалары бойынша шешiмдердi неғұрлым жедел қабылдау мақсатында атқарушы органдардың басшылары немесе лауазымды тұлғалар (лауазымы бойынша басшының орынбасарларынан төмен емес) кеңесте (мәжiлiсте) жобаға бұрыштама қоюы мүмкiн. Бұл ретте көрсетiлген лауазымды тұлғалар жобаға өздерiнiң бұрыштама қойғандығы туралы тиiстi атқарушы органның бiрiншi басшысына баяндайды.
Жобаның көшiрмесiн келiсуге алған кезде атқарушы органдар жобаға басқа мүдделi органдардың алдын ала бұрыштама қоюларын талап етуге, сондай-ақ басқа желеу белгiлермен келiсуден бас тартуға тиiстi емес.
21. Келiсушi орган жобаны қараудың нәтижелерi бойынша бiрiншi басшының не оны алмастыратын тұлғаның қолы қойылған жауаптың мынадай нұсқаларының бiрiн әзiрлеушiге ұсынуы тиiс:
1) жоба ескертулерсiз келiсiлген (жобада бұрыштамасы бар);
2) жоба ескертулермен келiсiлген (қоса берiлуге тиiстi ескертулерiмен бiрге жобада бұрыштамасы бар);
3) жобаны келiсуден бас тартылған (дәлелдi бас тарту қоса берiледi).
22. Келiсудiң мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн жобаны әзiрлеушi жобаның түпкiлiктi нұсқасына мүдделi органдардың барлық ұсыныстарын жинақтайды (ескертулердi жояды). Бұл ретте, түпкiлiктi нұқсаны дайындау процесiнде әзiрлеушi өзi келiскен, атқарушы органдардың ескертулерiн мiндеттi түрде жояды.
Жобаны әзiрлеушi жобаны аппаратқа енгiзу кезiнде мүддесi осы жобада қозғалып отырған органның бұрыштамасының болмау себептерiн түсiндiрме жазбада мiндеттi түрде көрсетедi (мұндай факт болған жағдайда), бұл ретте, енгiзiлген материалдарға тиiстi органға келiсу үшiн енгiзiлгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi қоса берiледi. Мұндай растау болмаған жағдайда, жоба мүдделi органға келiсуге жiберiлмеген болып есептеледi.
Қажет болған жағдайда әкiмнiң, әкiм орынбасарының немесе аппарат басшысының нұсқауы бойынша жоба қосымша келiсуге жiберiлуi мүмкiн.
23. Әзiрлеушi осы жобаны қабылдау қажеттiлiгiн, әлеуметтiк- экономикалық салдарын, ол қабылданған жағдайда, оны iске асырумен байланысты болжанып отырған қаржы шығыстары негiзделген түсiндiрме жазбаны, сондай-ақ бұл мәселе бойынша бұрын әкiмияттың және әкiмнiң қандай актiлерi қабылданғаны және олардың қалай орындалғаны туралы мәлiметтердi мiндеттi түрде жобаға қоса бередi.
Егер актiлердiң жобалары нормативтiк сипатта болса және/немесе әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi қозғаса, әзiрлеушi түсiндiрме жазбада нақты мақсаттарды, күтiлiп отырған нәтижелердiң мерзiмдерiн және енгiзiлiп отырған ұсыныстардың болатын дерлiк тиiмдiлiгiн көрсетуге мiндеттi. Бұл актiлердi әкiмият немесе әкiм қабылдаған жағдайда, әзiрлеушi кесiмдерде белгiленген мерзiмдерге сәйкес оларды iске асыру қорытындылары бойынша олардың iс-қимылдарының нәтижелерi туралы қысқаша есеп тапсыруға тиiстi.
Жобаны әзiрлеушi - мемлекеттiк органның басшысы екi парақтан аса көлемдегi жобалардың және жобаларға қосымшалардың әр парағына алдын ала қол қоюға тиiс.
24. Жобаны әзiрлеушi жобада бiр мезгiлде әкiмияттың қаулыларын және/ немесе әкiмнiң шешiмдерi мен өкiмдерiн қабылданатын актiлерге сәйкес келтiру бойынша норма көздейдi және/немесе нақты мерзiмдер белгiлей отырып, оларды сәйкес келтiру туралы тапсырма көздейдi.
25. Әзiрленген (пысықталған) жоба (оған тиiстi материалдармен бiрге) жоба бойынша сараптама жүргiзу және қорытынды дайындау үшiн (бұдан әрi - сараптама) аппаратқа енгiзiледi.
Аппаратта тiркелер алдында жобаның iс қағаздарын жүргiзу талаптарына сәйкестiгi тексерiледi.
Жобаның iс қағаздарын жүргiзу талаптарына сәйкес еместiгi туралы ескертулер болған кезде, аппарат жобаны тiркеуге дейiн әзiрлеушiге қайтаруға құқылы.
Жоба аппаратта тiркелгеннен кейiн оның мәтiндерiнiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi бiрдейлiгi тексерiледi және сараптамадан өтедi. Жобаға сараптама жүргiзу мерзiмi жобаның аппаратта тiркелген кезiнен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiс.
Аппарат оның мәтiндерiнiң сәйкестiгiн тексеру, сараптама жүргiзу барысында немесе оның нәтижелерi бойынша жобаны мынадай негiздер бойынша әзiрлеушiге пысықтауға қайтаруға құқылы:
1) жоба мәтiндерiнiң мемлекеттiк және орыс тiлдерiне бiрдей еместiгi;
2) оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiндiгi;
3) осы Регламенттiң талаптары бұзыла отырып ұсынылуы.
Басқа желеулер бойынша терiс сараптамалық қорытынды жобаны қайтару үшiн негiз бола алмайды.
26. Жобаларды әкiмнiң орынбасарларында келiсу мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес жүзеге асырылады. Оларда мазмұндық сипатта ескертулер туындаған жағдайда, әкiмнiң орынбасарлары қажет болған кезде нәтижелерi хаттамамен ресiмделетiн кеңес шақырады.
Жоба аппаратта сараптамадан өткеннен кейiн аппарат басшысы ол бойынша шешiм қабылдау үшiн әкiмге не оны алмастыратын тұлғаға баяндайды.
27. Әкiм әкiмияттың қаулыларына, әкiмнiң шешiмдерi мен өкiмдерiне қол қояды. Ол қол қойғаннан кейiн кесiмдердiң түпнұсқаларына түзетулер енгiзiлмейдi.
28. Аппарат басшысы бекiткен таратуға сәйкес аппарат әкiмият қаулыларының, әкiм шешiмдерi мен өкiмдерiнiң расталған көшiрмелерiн таратады.
Әдiлет органдарында тiркелуге жататын әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi тiркелгеннен кейiн адресаттарға жөнелтiледi.
Әкiмият қаулыларының, әкiм шешiмдерi мен өкiмдерiнiң түпнұсқалары аппаратта сақталады.
Аппарат құжаттардың уақытылы шығарылуына және жөнелтiлетiн мекен-жайларға таратылуына жауапкершiлiк жүктейдi.
29. Техникалық қателерi болған жағдайда әкiмияттың қаулыларының, әкiмнiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң бұрын таратылған даналары тек аппарат басшысының рұқсатымен ауыстырылуы мүмкiн. Бұл жағдайда, бастапқыда таратылған құжаттар аппаратқа қайтарылуы тиiс.
30. Аппарат әкiмият және әкiм қабылдаған кесiмдердiң есебiн, жүйеленуiн және бақылау даналарын жүргiзудi, оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi жүзеге асырады.
31. Әкiмияттың және әкiмнiң жалпы мiндеттi мәнi, ведомствоаралық сипаты бар немесе азаматтардың құқықтарына, бостандығына және мiндеттерiне қатысты барлық кесiмдерi әдiлет органдарында тiркеуге және ресми жариялау үшiн мәслихат пен әкiм айқындаған газеттерде және өзге мерзiмдi баспаларда мiндеттi жариялауына жатады.
32. Аппарат кесiмдердi жариялауға жiберудi жүзеге асырады.
33. Мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын құпиядан тұратындарынан басқа, әкiмият және әкiм қабылдаған нормативтiк құқықтық кесiмдермен танысу үшiн мүдделi тұлғаларға рұқсат беру мiндеттi болып табылады және оны аппарат басшысы айқындайтын тәртiппен аппарат жүзеге асырады.
5. Заңнамалық кесiмдердi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру тәртiбi
34. Заңнамалық кесiмдердi, Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi, Премьер-Министрi, әкiмият және әкiм кесiмдерiн орындауды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн қол қоюға дайындау, келiсу, ұсыну және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерi мен тапсырмаларын орындауды бақылау тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы" 1998 жылғы 2 қазандағы N 4097 Жарлығына, осы Регламентке және Қазақстан Республикасының өзге заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
35. Заңнамалық кесiмдер, Республика Президентiнiң, Республика Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың, әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмалары және өз құзыреттерi шеңберiнде мемлекеттiк органдардың және лауазымды тұлғалардың өзге де тапсырмалары бақылауға алынады.
36. Заңнамалық кесiмдердiң, Республика Президентiнiң, Республика Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуына жауапкершiлiк, осылар орындауға жiберiлген, атқарушы органдардың бiрiншi басшыларына жүктеледi.
37. Әкiмнiң және оның орынбасарларының тапсырмаларында құжаттарды орындаудың мерзiмдерi белгiленедi. Мерзiмдер белгiленбеген жағдайда, құжаттың түскен күнiнен есептелетiн, орындаудың бiр айлық мерзiмi, ал "шұғыл" деген айдар болған жағдайда - он күндiк мерзiм белгiленедi.
38. Егер тапсырманың белгiленген мерзiмiнде орындалуы мүмкiн болмаса, онда тапсырманың орындалуына жауапты органның бiрiншi басшысы (не оның мiндетiн атқарушы тұлға) кiдiрудiң себептерi туралы хабарлауға және белгіленген тәртiппен оны орындау мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш беруге тиiс. Тапсырманы орындау мерзiмiн ұзартуға екi реттен аса жол берiлмейдi.
39. Аппарат әкiм айқындаған тәртiппен заңнамалық кесiмдердi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмаларын орындау мерзiмдерiн бақылау жөнiндегi қызметтi ақпараттық-талдауды қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
40. Аппарат заңнамалық кесiмдердiң, Республика Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкiмдi жүйелi хабардар ете отырып, олардың орындалуын бақылау жөнiнде әкiмнiң қызметiн қамтамасыз етедi.
Әкiмнiң орынбасарлары, аппарат басшысы заңнамалық кесiмдердi, Республика Президентiнiң, Үкiметiнiң, Премьер-Министрiнiң, әкiмияттың және әкiмнiң кесiмдерi мен тапсырмаларын орындаудың белгiленген тәртiбiнiң өрескел бұзылу фактiлерi бойынша кiнәлi лауазымды тұлғаларды тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту жөнiнде ұсыныстар енгiзе алады.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.