Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарын соттардың қолдануы кезінде туындайтын мәселелер туралы

    Күші жойылғанЖоғарғы Соттың қаулысы
    Нұсқаның өзектілігі
    Құжаттың күші жойылған

    Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарын соттардың қолдануы кезінде туындайтын мәселелер туралы

          Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот тәжірибесін талқылап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қазіргі қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдары жетілдіруді қажет ететінін көрсетеді.

    Атап айтқанда, қылмыстық жазаны орындаумен бірге медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібін реттейтін ҚК-тің 95-бабының 1-бөлігінде ҚК-тің 88-бабының 1-бөлігіне сілтеме жасалған. Ал, ҚК-тің 88-бабының 1-бөлігі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын, оның ішінде олардың есі кіресілі-шығасылы болғандықтан қылмыстық жаза тағайындалмайтын адамдарға да қолданудың негіздерін көздейді. Осыған байланысты ҚК-тің 95-бабының 1-бөлігіндегі "88-бабының 1-бөлігіндегі сөздерін" 90-бабының 2-бөлігіндегі сөздермен ауыстыру қажет деп есептейміз.

    Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ісі қаралып жатқан адамдардың құқықтарының реттелуі нақтыландыруды талап етеді. Мысалы, ҚІЖК-нің 515-бабында бұндай адамдар алдын ала тергеу органдарының және соттың оларға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулыларына шағымдану құқы бар делінсе, сот қаулысына шағымдануға наразылық келтіруге құқы бар адамдарды көрсететін ҚІЖК-нің 518-бабы олардың мұндай құқын жояды.

    Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстерінің нормалары қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған және психикасы бұзылған адамдарға ҚР ҚІЖК-нің 507-бабында көрсетілген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы алдын ала тергеу органдары және сот қаулыларын орындаудың тәртібін көздейді. Сондай-ақ, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі кіресілі-шығасылы күйде немесе оны жасағаннан кейін ауырып қалған адамдарға сот-психиатриялық сараптамаларын жүргізу үшін немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот қаулысын орындау үшін медициналық мекемеге жеткізу тәртібін көздейтін нормалар да жоқ.

          Осындай құқықтық нормалардың (оның ішінде, ведомстволық ережелер мен нұсқаулықтардың және т. б.) болмауы салдарынан іс жүзінде ҚІЖК-нің 507-бабының 1-бөлігіндегі талаптар бұзылып, психикасы ауру адамдарға қауіпсіздік шараларының орнына бұлтартпау шаралары заңсыз қолданылады, осындай адамдарға қауіпсіздік шараларын қолдану, оларды жөнелту туралы алдын ала тергеу органдары мен сот қаулыларын уақытылы орындамау фактілері орын алған.

    Сонымен бірге ҚІЖК-нің бірқатар баптарының мемлекеттік және орыс тілінде берілген мәтіндерінің сәйкессіздігі анықталды.

    Атап айтқанда, ҚІЖК-нің 40, 514, 519 және 520-баптарының мемлекеттік тілде берілген мәтіндерінде "жою (устранить)", "қысқарту (прекратить)", және "бұзу (отменить)" деген терминдердің орнына "тоқтату (приостановить)" деген бір термин қолданылған.

    ҚІЖК-нің 507-бабының 1-бөлігінің және 509-бабының 1-бөлігінің мемлекеттік тілде жазылған мәтінінде ҚІЖК-нің 18-бабында көзделген "бұлтартпау шаралары (меры пресечения)" деген терминнің орнына сот ісін жүргізуде қолданылмайтын "тыйым салу шаралары (запретительные меры)" сөздері қолданылған.

          Бұл қайшылықтар заңның осы нормаларының мағынасын дұрыс түсінбеуге әкеліп соқтырады.

    Аталған мәселелер заң тәртібі бойынша шешілуге жатады, сондықтан Жоғарғы Сот Пленумы заң шығарушы және атқарушы өкім органдарын хабардар ету қажет деп есептейді. Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы" Жарлығының 28-бабының 2-бөлігінің 4-тармағын және 31-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:

          Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдарын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті және Қазақстан Республикасы Үкіметі жоғарыда аталғандар туралы хабардар етілсін.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.