«Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    ЖаңаМинистрлік пен ведомствоның актісі
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 12 маусым 2026 ж.

    «Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

    БҰЙЫРАМЫН:

    1. «Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 159 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10148 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

    көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар):

    2-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

    «2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

    4) полигон - зерттелетін аумақтың шекараларын анықтау және кеңістіктік талдау, жердің жай-күйіне мониторинг және бағалау жүргізу үшін пайдаланылатын белгіленген координаттары бар тұйық аймақ түріндегі кеңістіктік (векторлық) геообъект;»;

    7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «7. Жер мониторингі мынадай жұмыс түрлерін қамтиды:

    1) жерлердің жай-күйінің базалық (бастапқы) сызықтарын және нысаналы индикаторларын белгілеу, оның ішінде:

    жер ресурстарының (өсімдік жамылғысы, өнімділік, тозуы, шөлейттену және өзге де көрсеткіштер) ағымдағы жай-күйін бағалау;

    өзгерістерді қадағалау үшін базалық карталар мен деректерді қалыптастыру;

    2) табиғи азықтық алқаптардың өсімдік жамылғысы жай-күйінің өзгеруін мониторингтеу;

    жер пайдаланудың және өсімдік жамылғысының өзгеруін қадағалау үшін жерлерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану;

    жерлердің өнімділігі көрсеткіштерінің (оның ішінде өсімдік жамылғысының және биомассаның), топырақ жай-күйін (органикалық көміртегінің жай-күйі) және тозуын мониторингтеу;

    жерлердің жай-күйінің өзгеру тенденцияларын (жақсару, нашарлау, тұрақты жай-күй) бағалау үшін деректердің уақытша қатарын қалыптастыру;

    жерлердің жай-күйі, тозуы, топырақтың жай-күйі және өсімдіктер туралы далалық деректерді және жер үстіндегі бақылауларды жинау және талдау;

    3) жерлердің тозуы және жер пайдаланудың өзгеру түрлерін талдау, оның ішінде:

    жерлердің тозуына әкелетін факторларды (қуаңшылық, шөлейттену, топырақ эрозиясы, жерді ұтымсыз пайдалану және өзге де факторлар) анықтау және талдау;

    қауіп аймақтарына геокеңістіктік талдау жүргізу, тозу ошақтарын және басым шаралар қабылдауды талап ететін учаскелерді анықтау.»;

    10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «10. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жерлердің мониторингін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 152-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүзеге асырады.»;

    11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «11. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүргізілетін жерлердің мониторингін жүргізу Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 163-бабына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.»;

    12-тармақта:

    орыс тіліндегі мәтін өзгермейді, қазақ тіліндегі мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

    «12. Жерлердің мониторингін жүргізу үшін жерлердің жай-күйін бақылау пункттерінің аумақтық-аймақтық желісі айқындалады.»;

    13-тармақта:

    орыс тіліндегі мәтін өзгермейді, қазақ тіліндегі мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

    «13. Мониторингтің аумақтық-аймақтық желісі жерлердің жай-күйін бақылаудың стационарлық және жартылай стационарлық пункттерін қамтиды.

    Стационарлық бақылау пункттері берілген толықтық пен дәлдік арқылы жерлердің жай-күйі туралы ақпаратты жүйелі түрде алу үшін құрылады. Мұндай пунктерге стационарлық алаңдар, негізгі учаскелер және полигондар жатады.

    Жартылай стационарлық бақылау пункттері (жартылай стационарлық алаңдар, бейін) жұмыстың нақты шарттары мен мақсаттарына қарай ұйымдастырылады. Оларды бақылау жүйелі түрде 3, 5, 10 және одан көп жыл аралықпен жүргізіледі.»;

    14-тармақта:

    орыс тіліндегі мәтін өзгермейді, қазақ тіліндегі мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

    «14. Мониторинг деңгейі бақылау пункттерінде жерлердің жай-күйіне жүргізілетін бақылау бағдарламасымен айқындалады.»;

    15-тармақта:

    орыс тіліндегі мәтін өзгермейді, қазақ тіліндегі мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

    «15. Жерлердің мониторингі бірыңғай жіктеуіштерді, кодтарды, бірліктер жүйесін, деректердің стандартты пішімдерін және нормативтік құқықтық базаны, координаттар мен биіктіктердің мемлекеттік жүйесін пайдалануға негізделген әртекті деректердің үйлесімділік қағидатын сақтай отырып жүргізіледі.»;

    16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «16. Жерлердің жай-күйіне жүйелі түрде байқаулардың нәтижелері жер мониторингі үшін ақпарат көздері болып табылады: жерүсті түсірілімдері, жерлерді зерттеп-қарау, түгендеу материалдары; жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау материалдары, архивтік деректер, Жерді қашықтықтан зондтау деректері, мемлекеттік цифрлық жүйелерден және цифрлық ресурстардан алынған мәліметтер, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес алынған жерлердің сапалық жай-күйі туралы өзге де мәліметтер.»;

    18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «18. Жерлер мониторингінің нәтижелері есептер, кестелер, карталар және картограммалар түрінде қағаз жеткізгіштерде және ақпаратты жинау, өңдеу және сақтаудың цифрлық жүйелерін пайдалана отырып, рәсімделеді.»;

    21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

    «21. Жерлерді мониторингтеу деректерін пайдаланушылар:

    жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган және орталық уәкілетті орган ведомствосының келісуі бойынша басқа да орталық атқарушы органдар;

    жергілікті атқарушы органдар;

    өзге де жеке және заңды тұлғалар болып табылады.».

    2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

    1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

    2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

    3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

    4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Бұйрықтың 1-тармағының отыз жетінші, отыз сегізінші және отыз тоғызыншы, қырқыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

    Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

    А. Сапаров

    «КЕЛІСІЛДІ»

    Қазақстан Республикасы

    Жасанды интеллект және

    цифрлық даму министрлігі

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.