Атбасар аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қарашадағы № 8С 9/4 «Aтбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы
Атбасар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Атбасар аудандық мәслихатының «Aтбасар ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 17 қарашадағы № 8С 9/4 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8650-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:
5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет, екі жылда 1 рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.»;
7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар сырқатының болуы;
4) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.»;
9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыс жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.
Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.»;
11-тармақтың 3) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:
«3) 9 мамырға – Жеңіс күні:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;»;
12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«12. Әлеуметтік көмек өтініш бойынша, толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарының біріне кірістері есепке алынбай көрсетіледі:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі үш айдан кешіктірмей бір 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшеріне дейін;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі үш айдан кешіктірмей бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткішке шекті мөлшеріне дейін;
3) денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) амбулаториялық емдеудегі белсенді түрдегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 ай бойы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
6) Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңының 5, 6, 7 - баптарында және 8 баптың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға төлем туралы құжаттардың негізінде Қазақстан Республикасының шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың және санаторийге, госпитальге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жылына 1 рет 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
7) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне коммуналдық қызметтер үшін шығыстарына арыз талап етілместен, ай сайын 2,5 (екі жарым) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.»;
13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«13. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың келесі санаттарының біріне өтініш бойынша кірістері ескеріле отырып көрсетіледі:
1) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдарға (отбасыларға) жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.»;
17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«17. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік – аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.»;
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.».
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Атбасар аудандық мәслихатының төрағасы
Н.Рахимов
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.