Павлодар қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындау туралы

    ЖаңаӘкімдіктің актісі тіркелмеген
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 18 маусым 2026 ж.

    Павлодар қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін айқындау туралы

    Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасының « Құқық бұзушылық профилактикасы туралы » Заңының 9-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасының « Құқықтық актілер туралы » Заңының 27-бабына сәйкес Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

    1. Павлодар қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.

    2. Павлодар қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы «Павлодар қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ оларға ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы» № 1376/27 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6206 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

    3. Осы қаулының орындалуын бақылау Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.

    4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Павлодар қаласының әкімі

    Х. Хабылбеков

    Павлодар қаласы әкімдігінің

    2026 жылғы 18 маусымдағы

    № 1132/1 қаулысына

    қосымша

    Павлодар қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудiң түрлерi мен тәртiбi

    1. Азаматтарды көтермелеудiң түрлерi:

    1) алғыс жариялау;

    2) грамотамен марапаттау;

    3) ақшалай сыйақы беру;

    4) білім беру және біліктілік арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;

    5) ұйымдарға, кәсіпорындарға көтермелеу туралы ұсыныстар жіберу;

    6) құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан тұлғаларды мемлекеттік наградамен және құрмет белгісімен марапаттау туралы ұсыныстар енгізу;

    7) өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы орган айқындайтын өзге де шаралар.

    2. Азаматтарды көтермелеудiң тәртiбi:

    1) құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерiн Павлодар қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия (бұдан әрi - Комиссия) қарайды;

    2) құқық бұзушылық профилактикасына белсендi қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынысты (қолдаухатты) Комиссияның қарауына «Павлодар облысының Полиция департаменті Павлодар қаласының Полиция басқармасы» мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрi - Павлодар қаласының ПБ) енгiзедi;

    3) құқық бұзушылық профилактикасына белсендi қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынысқа (қолдаухатқа) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы тұлғаларды ақпараттық есепке алу мәліметі және әкімшілік құқық бұзушылықтарды және оларды жасаған тұлғаларды есепке алу бойынша карточкадан мәлімет қоса беріледі, бұл ретте көтермелеу туралы қолдаухат әр түрлі негіздерді және мазмұны бойынша қайталауды болдырмайтын азаматтың нақты сіңірген еңбектерін қамтуы тиіс;

    4) Комиссия қабылдайтын шешiм көтермелеу үшiн негiз болып табылады;

    5) Павлодар қаласының ПБ ақшалай сыйақыны төлеудi облыстық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзедi;

    6) құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу шараларын Павлодар қаласының ПБ салтанатты жағдайда жүзеге асырады.

    Ақшалай сыйақының мөлшері 10 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет.

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.