Абай облысында 2029 жылға дейін тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекіту туралы

    ЖаңаМәслихаттың актісі тіркелмеген
    Нұсқаның өзектілігі
    Өзекті нұсқа 23 маусым 2026 ж.

    Абай облысында 2029 жылға дейін тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын бекіту туралы

    ​ Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 25-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-16-тармағына сәйкес, Абай облысы мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

    1. Қоса беріліп отырған Абай облысында 2029 жылға дейін тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы бекітілсін.

    2. «Абай облысы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

    1) осы шешім қабылданған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне Қазақстан Республикасы Әділет министірлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау үшін жолдау;

    2) осы шешімді ресми жарияланғаннан кейін «Абай облысы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің интернет-ресурсында орналастыру жүктелсін.

    3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

    Абай облысы мәслихатының төрағасы

    Ш. Байбеков

    Абай облысы мәслихатының 2026

    жылы 23 маусымдағы

    № 37/250-VIII шешімімен бекітілді

    Абай облысы бойынша 2029 жылға дейін тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы

    ​ 1-тарау. Бағдарламаның паспорты.

    ​ 2-тарау. Кіріспе.

    ​ 3-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау.

    ​ 4-тарау. Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен тетіктері.

    ​ 5-тарау. Өкілетті ұйымның қатысуымен апаттық тұрғын үйді бұзу.

    6-тарау. Жаңарту шеңберінде Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру.

    7-тарау. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

    1-тарау. Бағдарламаның паспорты

    Бағдарламаның атауы
    Абай облысы бойынша 2029 жылға дейін тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы
    Әзірлеу үшін негіздер
    ​Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 25-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-16-тармағына, « Тұрғын үй қатынастары туралы » Қазақстан Республикасы Заңының 116-бабына сәйкес
    Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган
    Абай облысының Құрылыс басқармасы
    Бағдарламаның мақсаты
    Тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартуды қамтамасыз ете отырып, жайлы, қауіпсіз және тұрақты қалалық ортаны қалыптастыру.
    Апатты тұрғын үй қорының өсуіне жол бермеу мақсатында тіршілік ету ортасын жаңарту және азаматтардың тұруына қолайлы жағдайлар мен қоғамдық кеңістіктер жасауға, тозығы жеткен, сейсмикалық төзімділігі төмен ғимараттар мен құрылыстарды реконструкциялау немесе сүру арқылы тұрғын үй аумақтарының әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жиынтығы.
     Бағдарламаның міндеттері
    1-міндет. Апатты тұрғын үйлерді бұзу мәселесін шешу, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту.
    2-міндет. Инженерлік-коммуникациялық инфра-құрылымды дамыту.
    3-міндет. Реновациялау аумағын игеру үшін жеке құрылыс салушыларды тарту.
    4-міндет. Тұрғын үйлерді жаңғырту.
    5-міндет. Басым құрылыс аумақтарын, апатты тұрғын үйлерді бұзу кезеңдерін, қалалық ортаны реновациялау жөніндегі іс-шараларды айқындау.

    2-тарау. Кіріспе

    Қала халқының тұрақты өсуі, жеделдетілген урбанизация және тұрғын үй қорының едәуір бөлігінің физикалық тозуы жағдайында Абай облысы құрылыс салынған аумақтарды кешенді түрде жаңарту қажеттілігімен бетпе-бет келіп отыр. Кеңестік кезеңде салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің (бұдан әрі – КТҮ) айтарлықтай үлесі қауіпсіздіктің, энергия тиімділігінің және тұру жайлылығының заманауи талаптарына сәйкес келмейді, бұл Абай облысы бойынша тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) енгізудің өзектілігін негіздейді.

    Бағдарламаны іске асыру құрылыс салынған аумақтарды кешенді жаңартуға, соның ішінде тозығы жеткен және апатты тұрғын үйлерді бұзуға, жаңа тұрғын үйлер салуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға және қала құрылысы, әлеуметтік әрі экологиялық талаптарды ескере отырып, жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.

    Бағдарлама заңдылық, әлеуметтік әділдік, тұрғын үй меншіктенушілері мен пайдаланушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, рәсімдердің ашықтығы, көшудің еріктілігі және тең құнды өтемақымен қамтамасыз ету қағидаттарын сақтай отырып іске асырылады.

    Жаңарту үдерістерін мемлекеттік реттеу жергілікті атқарушы органдардың, жеке инвесторлар мен халықтың қатысуын көздейді. Бағдарламаны іске асырудың маңызды қағидаты әлеуметтік әділдікті, көшудің еріктілігін, жылжымайтын мүлікті бағалау тетіктерінің ашықтығын және тең құнды тұрғын үй немесе өтемақы беруді қамтамасыз ету болып табылады.

    Осылайша, Қазақстан Республикасында мемлекеттік жаңарту бағдарламасын енгізу қала құрылысын жаңартуға, аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және ұзақ мерзімді перспективада халық үшін жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға бағытталған тұрғын үй саясатының стратегиялық маңызды бағыты.

    3-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау

    Жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі — ЖАО) мәліметтері бойынша, Абай облысының тұрғын үй қорында 2098 КТҮ бар, оның 62-сі — апатты және 53-і тозығы жеткен үйлер (оның ішінде 32-сі жеке тұрғын үй).

    Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген) ЖАО-ның «ескі орамдар» тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреттері бекітілген, сондай-ақ инвестициялық ахуалды ескере отырып, көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғын үй меншіктенушілеріне өтемақы төлеудің тәртібі мен шарттарын қоса алғанда, жергілікті бюджеттер мен өңірлердің мүмкіндіктері, оларды іске асырудың тетігі мен критерийлері айқындалған.

    2026 жылға арналған өңірлер бойынша ақпарат:

    ​Өңірлердің 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ұсынған ақпаратына сәйкес:

    Абай ауданының тұрғын үй қорындағы 12 КТҮ арасында ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша үйлерді бұзу шаралары жүргізілген жоқ және ағымдағы кезеңде бөлшектеу жұмыстары жоспарланбаған.

    Ақсуат ауданында тұрғын үй қорындағы 9 КТҮ арасында ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. Тәуелсіз сарапшының қорытындысы негізінде 32 жеке тұрғын үй апатты деп танылды, 2025 жылы бөлшектеу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Аягөз ауданында тұрғын үй қорындағы 199 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Бесқарағай ауданында тұрғын үй қорындағы 19 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Бородулиха ауданында тұрғын үй қорындағы 57 КТҮ бар, ресми түрде апатты деп танылған нысан 1 КТҮ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша үйлерді бұзу шаралары жүргізілген жоқ.

    Жаңасемей ауданында тұрғын үй қорындағы 18 КТҮ бар, ресми түрде апатты деп танылған нысан 8 КТҮ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша үйлерді бұзу шаралары жүргізілген жоқ.

    Жарма ауданында тұрғын үй қорындағы 24 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Курчатов қаласының тұрғын үй қоры 81 КТҮ құрайды. 1 КТҮ тозығы жеткен деп танылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлерді бұзу шаралары жүргізілген жоқ.

    Көкпекті ауданында тұрғын үй қорындағы 24 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Мақаншы ауданында тұрғын үй қорындағы 36 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Үржар ауданында тұрғын үй қорындағы 31 КТҮ ресми түрде апатты деп танылған нысандар жоқ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұзу жұмыстары жүргізілген жоқ.

    Семей қаласы бойынша жалпы ауданы 25 372,27 шаршы метрді құрайтын 53 КТҮ апатты деп танылды, сонымен қатар 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы ауданы 10 544,7 шаршы метр құрайтын 20 КТҮ тозығы жеткен үйлер санатына жатқызылды. Облыс әкімінің шешімімен 2027 жылға дейінгі апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспары (Жол картасы) бекітілді. Тұрғын үй қорын жаңарту мақсатында 2024 жылы Чехов к-сі, №114, Аймауытов к-сі, №157, сондай-ақ Уранхаев к-сі, №66, №68 және Жамақаев к-сі, №53, №55 мекенжайлары бойынша жеке инвесторлармен уағдаластыққа қол жеткізілді. Семей қаласының әкімі мен «Selam Kaz» ЖШС және «Алтын Ұя Семей» ЖШС арасында 2024 жылғы 31 мамырда өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум апатты немесе тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салуды көздейді. Осы құжат аясында «Алтын Ұя Семей» ЖШС Чехов және Аймауытов көшелеріндегі апатты үйлердің тұрғындарын (жалпы саны 18 пәтер) көшіріп, аппаты үйлер бұзылып, реновациялау бойынша құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталды. «Selam Kaz» ЖШС Уранхаев және Жамақаев көшелеріндегі 32 пәтерді сатып алу жұмыстарын аяқтап, жаңа үйдің құрылысын бастады. 2025 жылы Семей қаласының әкімдігі мен «Алтын Ұя Семей» ЖШС арасында Әуезов к-сі, №98, №100, №102 мекенжайларындағы 3 тозығы жеткен үйді реновациялау бойынша, сондай-ақ «Өкен» ЖШС Ілияшев көшесіндегі №122,№129,№131 және Елемесов көшесіндегі №3 үйлер бойынша тиісті меморандумдарға қол қойылды, қазіргі уақытта меншік иелерінен құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

    4-тарау. Бағдарламаны іске асырудың мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен тетіктері

    Бағдарламаның мақсаты

    Бағдарламаның басты мақсаттары – тұрғын үй құрылысында дәйекті қала құрылысы саясатын әзірлеу, аумақты ықшам құрылыспен ұйымдастыру, жайлы, қауіпсіз әрі тұрақты қалалық ортаны қалыптастыра отырып, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартуды қамтамасыз ету болып табылады.

    ​Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қажеттілері:

    1) апатты тұрғын үйлерді бұзу мәселесін шешу, азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту;

    2) қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту;

    3)жаңарту аумағын игеру үшін жеке құрылыс салушыларды тарту;

    4) тұрғын үйлерді жаңғырту;

    5) басым құрылыс салынатын аумақтарды, апатты тұрғын үйлерді бұзу кезеңдерін, қалалық ортаны жаңартулау жөніндегі іс-шараларды айқындау.

    ​Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың айқындаушы факторы жайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады.

    ​Толыққанды тіршілік әрекеті ортасы және әлеуметтік стандарттарға сәйкес халыққа кешенді қызметтер көрсету үшін тұрғын үй қорын ұлғайту және қажетті тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту талап етіледі.

    ​Қоныстандырудың оңтайлы жүйесін құру, аумақты ұтымды ұйымдастыру және инфрақұрылымға деген ұзақ мерзімді қажеттілікті айқындау есебінен халықтың тұруына қолайлы жағдайларды қамтамасыз етудің негізі сапалы қала құрылысы жобаларын (бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын) қалыптастыру және іске асыру болып табылады.

    Бағдарламаның міндеттері

    1. Апатты тұрғын үйлерді бұзу мәселесін шешу және азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту тұруға жарамсыз деп танылған тұрғын үй қорын жоюды және адамдарды қазіргі заманғы жайлылық стандарттарына сай келетін қауіпсіз үйлерге көшіруді көздейді.

    2. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту ескірген сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және электр желілерін тығыз құрылыстан туындайтын артқан жүктемеге төтеп бере алатын жаңа қуаттылықтарға толық ауыстыруды талап етеді.

    3. Жаңарту аумақтарын игеру үшін жеке құрылыс салушыларды тарту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асырылады, мұнда девелоперлер тұрғындарды көшіру және әлеуметтік инфрақұрылымды құру жөніндегі міндеттемелерді орындау айырбасына құрылыс үшін жер учаскелерін алады.

    4. Тұрғын үйлерді жаңғырту бұзылуға жатпайтын, бірақ қазіргі заманғы пайдалану нормаларына дейін жаңартуды талап ететін ғимараттарда кешенді күрделі жөндеу жүргізуді, қасбеттерді жылытуды және ішкі жүйелерді ауыстыруды қамтиды.

    5. Басым құрылыс салынатын аумақтарды және жаңарту кезеңдерін айқындау стратегиялық жоспарлаудан тұрады, оның барысында ЖАО бұзу кезектілігін белгілейді, жаңа нысандарға арналған аймақтарды бөледі және жаңартылған қалалық ортаның бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастырады.

    Бағдарламаның қағидаттары

    Қала аумағын кешенді дамытудың, қаланың сәулеттік келбетін қалыптастырудың және қоғамдық кеңістіктердің (парктер, гүлзарлар, жағалау аймақтары, әлеуметтік-мәдени нысандар және халық демалатын басқа да орындар), көлік және жол инфрақұрылымының «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша дамуын қамтамасыз ете отырып, жаңарту аудандарын кешенді құрылыспен қамтудың қағидаттары мен стандарттары.

    ​Азаматтардың қауіпсіз тұру жағдайларын қамтамасыз ету үшін бұзылуға немесе күрделі жөндеуге жататын апатты тұрғын үйлерді анықтау мақсатында тұрғын үйлердің техникалық жай-күйін бағалау (паспорттау) жүргізілетін болады.

    Бағдарламаның тетіктері

    Бағдарламаны іске асыру мынадай тетіктерді пайдалана отырып жүзеге асырылады:

    1)​инвесторды тарта отырып және (немесе) жергілікті атқарушы орган айқындайтын уәкілетті ұйым арқылы жаңарту жобаларын іске асыру тетігі;

    2)«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) кепілдігін қолдана отырып, жаңарту жобаларын іске асыру тетігі.

    ​Бағдарламаға сәйкес, жаңарту деп ЖАО (жергілікті атқарушы орган) айқындаған қаланың тарихи қалыптасқан және абаттандырылуы төмендеген бөлігінің аумағын ЖАО бекіткен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес кешенді түрде құрылыспен қамту, сондай-ақ апатты тұрғын үйлерді нүктелі түрде бұзу түсініледі.

    ​Жаңарту аудандарын кешенді құрылыспен қамтуды жеке құрылыс компаниялары мен уәкілетті ұйым жүзеге асыратын болады.

    5-тарау. Өкілетті ұйымның қатысуымен апаттық тұрғын үйді бұзу

    ​Апатты тұрғын үйлерді бұзу уәкілетті ұйымның немесе уәкілетті компанияның ЖАО бөлген жер учаскелерінде тұрғын үй жобалауын және құрылысын ұйымдастыруды көздейді.

    ​Апатты тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру және қолжетімді тұрғын үй салу жөніндегі жұмыс мынадай тетік бойынша жүзеге асырылады:

    1) қалаларды реконструкциялау аудандары мен кезеңдерін айқындау;

    2) реконструкциялау аудандарындағы меншік нысандарын талдау;

    3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен апатты деп танылған және бұзылуға жататын үйлердің меншіктенушілерімен келісімге қол жеткізу;

    4) жаңа үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және салу;

    5) пайдалануға берілген алаңдардың үлесін беру;

    6) бұзылуға жататын үйлердің тұрғындарын көшіру;

    7) апатты тұрғын үйлерді бұзу;

    8) алынған кірістерді жаңа нысандардың құрылысына қайта инвестициялауға бағыттау мақсатында жаңадан салынған үйлердегі тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар үлесін еркін нарықта сату.

    Апатты тұрғын үйлерді бұзу және азаматтарды көшіру тетігін іске асыру шеңберінде ЖАО мынадай іс-шараларды жүргізеді:

    1) бекітілген қала құрылысы құжаттамасына (бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) сәйкес жаңарту аймақтарын айқындау;

    2) жаңарту аймақтарының шекарасында орналасқан нысандарға түгендеу жүргізу, соның ішінде:

    - көппәтерлі тұрғын үйлер;

    - жеке тұрғын үйлер;

    - тұрғын емес үй-жайлар;

    - жер учаскелері;

    - инженерлік және көлік инфрақұрылымы;

    - жаңартуны іске асыру шеңберінде бұзу, реконструкциялау, жаңғырту немесе сақтап қалу туралы шешімдер қабылдау мақсатында басқа да жылжымайтын мүлік нысандары, абаттандыру және инфрақұрылым элементтері (оларды сәйкестендіруді, техникалық және кадастрлық есепке алуды қамтамасыз ете отырып, сандық әрі сапалық сипаттамаларын айқындау, құқықтық мәртебесін, соның ішінде меншік құқықтары мен басқа да заттық құқықтарды, ауыртпалықтар мен шектеулерді белгілеу, сондай-ақ олардың құны мен тозу дәрежесіне бағалау жүргізу арқылы).

    Осылайша, ЖАО жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша жаңартулауға жататын нысандарды түгендеу актісін қалыптастырады және бекітеді. Бұл актіде жаңарту аймағының шекарасында орналасқан нысандар туралы толық ақпарат, соның ішінде олардың сәйкестендіру, техникалық және кадастрлық сипаттамалары, құқық иеленушілері туралы мәліметтер, ауыртпалықтар мен шектеулердің болуы, құны мен физикалық тозу дәрежесін бағалау нәтижелері, сондай-ақ әрбір нысанмен бұдан былай қалай жұмыс істеу (бұзу, реконструкциялау, жаңғырту немесе сақтап қалу) жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

    Аталған Акт таңдалған тетікке қарамастан, реновациялау нысандарының тізбесін қалыптастыру және кейіннен жаңарту жобаларын іске асыру үшін міндетті негіз болып табылады:

    1) техникалық сипаттамаларын, тозу дәрежесін, құқықтық мәртебесін және басқа да қажетті мәліметтерді көрсете отырып, реновациялау нысандарының тізбесін бекіту;

    2) ашықтықты қамтамасыз ету және қатысушыларды тарту үшін реновациялау нысандары туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда орналастыру;

    3) қалыптастырылған ақпаратты ұсыну:

    әлеуетті инвесторларға – инвесторды тарта отырып іске асырылатын тетік шеңберінде;

    құрылыс салушылар мен уәкілетті компанияларға – Бірыңғай оператордың кепілдігін қолдана отырып іске асырылатын тетік шеңберінде:

    1)жасасу және/немесе ұсыну:

    келісім шартты — инвесторды тарта отырып іске асырылатын тетік шеңберінде;

    құрылыс салушы мен уәкілетті компанияның жаңарту бағдарламасы аясында жаңарту нысанын іске асырып жатқаны туралы Бірыңғай оператордың мекенжайына жазбаша хабарламаны – Бірыңғай оператордың кепілдігін қолдана отырып іске асырылатын тетік шеңберінде;

    2) қажетті инженерлік инфрақұрылымды тарту.

    Апатты үйлердегі тұрғын емес үй-жайлардың меншіктенушілеріне, олардың келісімі болған жағдайда, алып қойылатын үй-жайлардың орнына жаңадан салынған нысандардан тең құнды тұрғын емес үй-жайлар алаңдары беріледі. Тұрғын емес үй-жайлардың меншіктенушілері ұсынылған нұсқалардан бас тартқан жағдайда, меншіктенушіге реквизицияланатын мүліктің нарықтық құны өтеледі.

    ​Бұзылуға жататын КТҮ (көппәтерлі тұрғын үйлер) тізбесі тұрғын үйлердің құрылыс конструкцияларының тозуы, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ үй-жайлар меншіктенушілерінің пікірі ескеріле отырып айқындалады.

    ​Тұрғын үйлерді жаңартулау жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде уәкілетті ұйым жобаны қайта инвестициялау немесе тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңартулау мақсатында нарықта өткізу үшін шағын габаритті тұрғын үйлердің де, сондай-ақ коммерциялық үй-жайлары мен паркингтері бар І-IV жайлылық класындағы тұрғын үйлердің де құрылысын қарастыра алады.

    ​Тұрғын үйдің жалпы алаңын салу құны тұрғын үйлердің жобалау-сметалық құжаттамасына (бұдан әрі – ЖСҚ) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы негізінде айқындалады.

    ​Тұрғын үйдің жалпы алаңының 1 шаршы метрін өткізу құны салынып жатқан тұрғын үйдің жайлылық деңгейімен және өткізу сәтіндегі жылжымайтын мүлік нарығында қалыптасқан конъюнктурамен айқындалады, бірақ ол құрылыстың өзіндік құнынан төмен болмауы тиіс.

    ​Тұрғын үйлерді жаңартулау жобаларын қаржыландыру, соның ішінде, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) тетіктері, қаржы институттарының қарыздары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатын тарту есебінен, мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі – МБҚ) есебінен, жобаны іске асыру барысында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түскен кірістер есебінен жүзеге асырылады.

    ЖАО апатты тұрғын үйлерді бұзу алаңында тұрғын үй құрылысын жүзеге асыра алады. Бұл ретте апатты тұрғын үйлерді бұзуды ЖАО орындайды, сонымен бірге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік жоспарлау, бюджеттің атқарылуы саласындағы уәкілетті органдармен келісе отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын (бұдан әрі – ҚР ҰҚ) басқару жөніндегі кеңестің хаттамаларындағы шарттарға сәйкес және (немесе) нарықтық шарттарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының шарттарына сәйкес тұрғын-үй құрылысын қаржыландыруға арналған МБҚ шығару көлемін болжайды.

    Әкімдік шығарған МБҚ-ны тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы – «Қазақстандық Тұрғын Үй Компаниясы» АҚ (бұдан әрі – бірыңғай оператор) ҚР ҰҚ басқару жөніндегі кеңестің шешімдеріне сәйкес, тартылған нарықтық қаражатпен микширлеу (араластыру) құқығымен сатып алатын болады.

    6-тарау. Жаңарту шеңберінде Бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру

    ЖАО (жергілікті атқарушы орган) бекіткен жаңарту аймақтарындағы құрылысты, соның ішінде апатты үйлерді бұзуды, жаңарту шеңберінде Бірыңғай оператордан кепілдік алған құрылыс салушылар жүзеге асыратын болады.

    Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін ЖАО жаңарту аудандарын магистральдық инженерлік желілермен (жылу, электр, сумен жабдықтау, шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәріздері), жолдармен және кіреберіс жолдарымен қамтамасыз етеді.

    1. Бірыңғай оператордың кепілдігін қолдана отырып, жаңарту жобаларын іске асыру «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады.

    2. Осы тетік шеңберінде ЖАО осы Бағдарламаға сәйкес келесі іс-шараларды жүргізеді:

    құрылыс салушыға және (немесе) уәкілетті компанияға жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша қалыптастырылған, жаңарту аймағының немесе оның жаңарту жобасын іске асыруға арналған бөлігінің шекарасында орналасқан нысандар туралы ақпаратты ұсынады;

    Бірыңғай оператордың мекенжайына құрылыс салушының және (немесе) уәкілетті компанияның жаңарту жобасын іске асырып жатқаны туралы жазбаша хабарлама жібереді, онда ЖАО-ның тиісті нысан кіретін реновациялау нысандарының тізбесін бекіту туралы шешімінің деректемелері көрсетіледі.

    3. Реновациялау жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ЖАО жаңарту аумақтарын магистральдық инженерлік инфрақұрылыммен (жылумен жабдықтау, электр- сумен жабдықтау, тұрмыстық және нөсер кәрізі), сондай-ақ автомобиль жолдарымен және кіреберіс жолдарымен қамтамасыз етеді.

    4. Құрылыс салушы және (немесе) уәкілетті компания ЖАО-дан алынған құжаттардың, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен тәртіпте көзделген басқа да құжаттардың негізінде Бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесі арқылы жаңарту жобасы бойынша кепілдік алуға өтінім жібереді.

    5. Бірыңғай оператор өтінімді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен қарау нәтижелері бойынша мынадай шарттарды жасасады:

    - кепілдік шеңберіндегі жаңарту туралы шарт (бұдан әрі – Жаңарту туралы шарт);

    - құрылыс салушы, уәкілетті компания және жаңарту нысанының және (немесе) оның құрамына кіретін жылжымайтын мүлік нысандарының барлық меншіктенушілері қол қойғаннан кейін қосылу арқылы жасалатын жаңарту шеңберінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кепілдігін ұсыну туралы шарт (бұдан әрі – Кепілдік ұсыну туралы шарт);

    6. Реновациялау туралы шарт жасалған сәттен бастап жобаны іске асыруды тек қана аталған шарттың тараптары болып табылатын құрылыс салушы мен уәкілетті компания жүзеге асырады. Жаңарту туралы шарт бұзылған және (немесе) Бірыңғай оператордың хабарламасы бойынша оның қолданылуы тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, ЖАО тиісті жобаны іске асыруға басқа құрылыс салушылардың және (немесе) уәкілетті компаниялардың қатысуына жол бермейді.

    7. Реновациялау туралы шарт жасалған сәттен бастап құрылыс салушы мен уәкілетті компания үш ай ішінде мыналарға міндетті:

    - реновациялау нысанына кіретін жылжымайтын мүлік нысандарының меншіктенушілерімен олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ете отырып, өзара іс-қимылды ұйымдастыруға;

    - ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, соның ішінде жобаның сипаттамаларын, үлестерді беру шарттарын және жаңартуға қатысудың құқықтық салдарын түсіндіруге;

    - барлық меншіктенушілердің Бірыңғай оператор бекітетін нысан бойынша жаңарту жобасын іске асыру туралы электрондық келісімге қол қоюын қамтамасыз етуге;

    - барлық меншіктенушілердің Бірыңғай оператордың тұрғын үй порталы арқылы уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша кепілдік ұсыну туралы электрондық шартқа қол қоюын қамтамасыз етуге;

    - барлық меншіктенушілер туралы мәліметтердің «Қазреестр» ақпараттық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етуге;

    - көппәтерлі тұрғын үйден үлес алуға ниет білдірген меншіктенушілердің үлестік қатысу туралы электрондық шарттарға қол қоюын қамтамасыз етуге;

    8. Реновациялау жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс салушы мен уәкілетті компания жылжымайтын мүлік нысандарының меншіктенушілеріне жобадағы үлестерді бөлме саны бойынша тең құнды өтеу қағидатымен берілуін қамтамасыз етеді, бұл ретте берілетін үлестің тұрғын үй алаңы өткізілетін нысанның тұрғын үй алаңынан кем болмауы тиіс.

    9. Реновациялау шеңберінде үлестік қатысу шарттары бойынша берілетін үлестер құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, өртке қарсы, техникалық және басқа да міндетті нормалардың талаптарына сәйкес келуі тиіс;

    10. Уәкілетті компания жаңарту нысандарының және (немесе) олардың құрамына кіретін жылжымайтын мүлік нысандарының меншіктенушілерін заңнамада және Бірыңғай оператордың ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуге немесе өтемақы төлеуді, соның ішінде тұрғын үйді жалға алу шығыстарын өтеуді қамтамасыз етуге міндетті;

    11. Құрылыс салушы және (немесе) уәкілетті компания жаңарту жобасын іске асыру мақсатында және меншіктенушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен олардан жаңарту нысанын және (немесе) оның құрамына кіретін жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алуды жүзеге асыруға құқылы;

    12. Реновациялау жобасының іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында ЖАО құрылыс салушы мен уәкілетті компанияға, соның ішінде жылжымайтын мүлік нысандарының меншіктенушілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру және келіссөздер жүргізу бөлігінде жәрдем көрсетеді;

    13. Кепілдік ұсыну туралы шартқа қол қойылғаннан кейін уәкілетті компания мыналарды қамтамасыз етеді:

    - Бірыңғай оператордың пайдасына кепілді тіркей отырып, жаңарту нысанына және (немесе) оның құрамына кіретін жылжымайтын мүлік нысандарына құқықтарды ресімдеуді;

    - тозығы жеткен және (немесе) апатты тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіруді;

    - реновациялау нысанын бұзуды;

    - құрылысқа арналған жер учаскелеріне құқықтарды ресімдеуді;

    - жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алуды;

    - көппәтерлі тұрғын үй салуды;

    - пәтерлерді және басқа да жылжымайтын мүлік нысандарын үлескерлерге, соның ішінде жаңартуға қатысушы меншіктенушілерге беруді.

    14. Реновациялау нысанының және (немесе) оның құрамына кіретін жылжымайтын мүлік нысанының меншіктенушісі тиісті үлесті қабылдауға және оған қол қою қажеттілігі туралы хабарлама алған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде уәкілетті компаниямен үлесті беру туралы шартқа қол қоюға міндетті;

    15. Кепілдік ұсыну туралы шарт үлестік құрылысқа қатысушылардың қаражатын тарту үшін негіз болып табылады және мұндай қаражатты тартуға ЖАО-ның қосымша рұқсатын алуды талап етпейді;

    16. Реновациялау туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде Бірыңғай оператор дәл сол бір нысанға қатысты басқа құрылыс салушылармен және (немесе) уәкілетті компаниялармен жаңарту туралы шарттар жасасуға құқылы емес;

    Реновациялау жобасын іске асырудың басқа да шарттары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тараптардың келісімімен айқындалады.

    17. Кепілдік ұсыну туралы шарт шеңберінде Бірыңғай оператор Заңда көзделген міндеттемелерді, соның ішінде кепілдік жағдайы туындаған кезде құрылыстың аяқталуын және пәтерлердің үлескерлерге берілуін қамтамасыз етуді өз мойнына алады;

    Кепілдік жағдайы туындаған жағдайда, меншіктенушілерді уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету және (немесе) оларға өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

    7-тарау. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

    Қалалар, аудандар
    КТҮ реновациялау объектілерінің саны
    2026ж.
    2027ж.
    2028ж.
    2029ж.
    1
    Семей
    1
    14
    4
    1
    2
    Абай
    0
    0
    0
    0
    3
    Ақсуат
    0
    0
    0
    0
    4
    Аягөз
    0
    0
    0
    0
    5
    Бесқарағай
    0
    0
    0
    0
    6
    Бородулиха
    0
    0
    0
    0
    7
    Жаңасемей
    0
    0
    0
    0
    8
    Жарма
    0
    0
    0
    0
    9
    Көкпекті
    0
    0
    0
    0
    10
    Мақаншы
    0
    0
    0
    0
    11
    Курчатов
    0
    0
    0
    0
    12
    Үржар
    0
    0
    0
    0

    Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.