Алматы қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшерін айқындау туралы
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Алматы қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібі, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері белгіленсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
3. Осы қаулы ол алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі
Д. Сатыбалды
Алматы қаласы әкімдігінің
2026 жылғы « » _______ №____
қаулысына қосымша
Алматы қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің түрлері мен тәртібін, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері
1. Көтермелеу тәртібі
1. Осы тәртіп Алматы қаласында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеуді ұйымдастыру мәселелерін реттейді.
2. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу мәселелерін ішкі істер органдарының ұсынуы бойынша Алматы қаласы аудандарының әкімдері құратын комиссиялар (бұдан әрі – Комиссия) қарайды.
3. Құқық бұзушылық профилактикасына белсенді қатысатын азаматтарды көтермелеу туралы ұсынысты комиссияның қарауына Алматы қаласы Полиция департаментінің полиция басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары енгізеді.
4. Комиссия заңнамада белгіленген тәртіппен, егер олар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге немесе ашуға ықпал еткен болса, жергілікті атқарушы органдарда қоғамдық көмекші ретінде тіркелмеген азаматтарды да көтермелеуге құқылы.
5. Комиссия қабылдаған шешімге сәйкес Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бұйрығы құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеуге негіз болып табылады.
6. Құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдарды мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен марапаттау үшін комиссия шешімінің негізінде Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне тиісті ұсыныс жолдайды.
2. Көтермелеу түрлері
1. Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу түрлері:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен марапаттау;
3) ақшалай сыйақы төлеу;
4) білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;
5) ұйымдарға, кәсіпорындарға көтермелеу туралы ұсынымдар жіберу;
6) құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан тұлғалар үшін мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен марапаттау туралы ұсыныстар енгізу.
3. Ақшалай сыйақының мөлшері
1) Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеуге арналған ақшалай сыйақының мөлшерін комиссия белгілейді және ол 20 есе айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
2) Ақшалай сыйақыны төлеуді Алматы қаласының Полиция департаменті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Келісушілер:
Алматы қаласы әкімінің орынбасары А. Нүкенов
Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Е. Исабеков
Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Д. Тілеуов
Алматы қаласы әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Г. Мырзабекова
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.