Тасқала ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» және 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарына сәйкес Тасқала аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қосымшаға сәйкес Тасқала ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібі қосымша реттелсін.
2. Тасқала аудандық мәслихаты аппаратының басшысы (Т. Ержігітова) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы
В. Фролов
Аудандық мәслихаттың хатшысы
С. Рахимов
Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 15 сәуірдегі №2-3 шешіміне қосымша
Тасқала ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізудің қосымша реттелген тәртібі
1. Жалпы ережелер
1. Осы жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізудің қосымша реттелген тәртібі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңына (одан әрі – Заң) сәйкес әзірленіп және Тасқала ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттейді.
2. Заңдарда жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандары ретiнде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсiну керек.
2. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізудің қосымша реттеу тәртібі
3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы Тасқала ауданның әкімдігіне (бұдан әрі – Әкімдік) өтініш беріледі.
4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш, оны өткізудің белгіленген датасынан кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараның мақсаты, нысаны, өткізілетін жері немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген датасы көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі Әкімдікте тіркелген күннен бастап есептелінеді.
5. Әкімдік өтінішті қарайды және уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын қабылдаған шешім туралы хабарлайды.
6. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу туралы өтініш беру кезінде осы тәртіптің 4-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда (яғни, рәсімдік талаптар), ол жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда Әкімдік жол берілген кемшілікті жаңа өтініш беру жолымен жоюды ұсына отырып, түсіндіру мазмұнындағы ресми жауап қайтарады. Жаңа өтінішті қарау мерзімі, оның түскен уақытынан бастап есептелінеді.
7. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға мiндетті.
8. Шараларды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:
1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;
2) елді мекеннің инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;
3) Әкімдіктің рұқсатынсыз киіз үйлер, шатырлар өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;
4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;
5) өзімен бірге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық залал келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып жүруге;
6) митингіге, шеруге, пикетке және демонстрацияға алкогольдік немесе есірткілік масаң күйдегі тұлғалардың қатысуына;
7) қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға, нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыруға, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлатуға, аумақтық тұтастығына қол сұғуға бағытталған транспаранттарды, ұрандарды және басқа да материалдарды (визуалды, аудио/видео), сондай–ақ көпшілік алдындағы сөйлеулерді қолдануға;
8) алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды, олардың балама түрлерін және прекурсорларды қолдануға;
9) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.
9. Тасқала ауданында жиналыстар, митингілер өткізу орны Тасқала ауылы, «Абай» ескерткішінің алды болып белгіленсін.
10. Тасқала ауданында шерулер мен демонстрациялар өткізуге мына маршруттар белгіленсін: Тасқала ауылы Абай көшесі №20В үйден (Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты) Абай көшесінің №22 үйіне (аудандық Мәдени-демалыс орталығының ғимараты) дейін.
11. Әкімдікпен белгіленген жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу орындары видео бақылау камераларымен, орындықтармен, жарықпен және күл-қоқыс салатын жәшіктермен жабдықталады.
12. Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес, белгіленген уақыт аралығында және келісілген орында өткізілуі тиіс.
13. Пикетті өзге нысанға (митинг, жиналыс, шеру, демонстрацияға) өзгерту жағдайда белгіленген тәртіппен әкімдіктен рұқсат алу талап етіледі.
14. Әкімдік бір күнде, бір уақытта және бір орында үштен аспайтын жеке дара пикетті өткізуге рұқсат беруі мүмкін.
Әртүрлі жекелеген пикеттердің қатысушылары бір-бірінен 50 метр қашықтықта тұруы керек және тікелей көрінетін шекарада болуы тиіс.
3. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік
15. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауап береді.
Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу кезінде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекетке келтірілген материалдық залалы үшін заңнамамен белгiленген тәртiп бойынша өтем жасалуға тиiс.
Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткiзiлетiн жерде қоғамдық тәртiптi сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөнiндегi туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейдi.
Мәтін танысу мақсатында ұсынылған; ресми қолдану үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы редакциясымен салыстырыңыз.